Баянауыл орманында бұландар фототұзаққа түсті
Кадрлар олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормандарында орнатылған фототұзақтарға бұландар іліккен. Олар ұлттық парк пен Торайғыров университетінің ғылыми қызметкерлері бірлесіп жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары кезінде байқалған.
Бұлан – орманды мекендейтін ең ірі тұяқтылардың бірі. Дене тұрқы ірі болғанымен, қалың орман арасында еркін қозғалып, адам көзіне жиі түсе бермейді. Сондықтан автоматты камералар арқылы алынған кадрлар олардың табиғи ортадағы тіршілігін зерделеуге мүмкіндік береді.
Мамандар аталған құрылғылардың көмегімен бұланның мекендейтін аумағын, жүріп өтетін бағыттарын және мінез-құлқын адам араласуынсыз зерттейді.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аңшылықтанушысы Бекзат Әкімбековтің айтуынша, биылғы санақ кезінде парк аумағында 20 бас бұлан анықталған. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгеймен шамалас.
– Бұлан – миграциялық жануар. Келіп-кетіп жүреді. Жаз мезгілінде шөппен қоректенсе, қыста теректің қабығын жейді. Біз қыс кезінде қыстауларға шөп салып, қосымша қорек береміз. Биыл браконьерлік фактілер тіркелген жоқ, – деді ол.
Фототұзақтарды Павлодардағы Торайғыров университетінің ғылыми бөлімі парк мамандарымен келісіп орнатқан. Жазғы кезеңде түсірілген материалдар университет мамандарында сақталады.
Сондай-ақ аудан тұрғыны дрон көмегімен орман аумағында жүрген бұланды бейнетаспаға түсірген болатын.
Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында бұлан төлдерінің жиі кездесетіні туралы жазған едік.