Железин ауданында 30-ға жуық отбасы жаңа жылды өз баспаналарында қарсы алады
Биыл пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 4437 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, әлеуметтік осал топтардың ішінен тұрғын үйге мұқтаж 230 адам кезекте тұр.
– Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Моисеевка ауылында мектеп салынғаннан кейін бала санын көбейту міндеті қойылды. Сондықтан биыл Моисеевка ауылында бір екі қабатты үй қолдануға берілді. Бүгінде ол үйлерде бес және алты баласы бар отбасылар тұрып жатыр, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, желтоқсанға дейін Железин ауылында 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуы тиіс.
– Қазір ол жерде ішкі өңдеу жұмыстарының біраз жұмысы қалып отыр. 15 желтоқсанға дейін барлығын аяқтап, жаңа жылға қарсы 24 отбасы пәтерлі болады деп күтіліп отыр, – деді Айтуған Шайхимов.
Ал аудан әкімшілігі келесі жылы қаражат бөлінетін болса, тағы да екі 24 пәтерлік үй салуды жоспарлап отыр. Баспана аудан орталығында беріледі деп болжануда. Себебі, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көбі – аудан орталығының халқы.