Екібастұзда полицейлер қырда инсульт алған балықшыны құтқарды
Зейнеткер балық аулауға шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары балық аулау кезінде ауырып қалған ауыл тұрғынының орналасқан жерін анықтаған. Шідерті кентінің тұрғыны көмек сұрап жүгінген.
– Менің әкем 83 жаста. Ол көлігімен балық аулауға кеткен. Жолда өзін нашар сезініп, инсульт алғаны белгілі болды. Әкем маған қоңырау шалды, бірақ нақты орналасқан жерін айта алмады. Мен бірден «102» нөміріне қоңырау шалып, полициядан көмек сұрадым. Қырда адамдарды іздеу оңай шаруа емес, сондықтан өз күшімізбен әкемді таба алмас едік. Кезекші мені тыңдаған соң Шідерті кентіндегі кезекшіге хабарлады, – дейді Оксана Литвина.
Дереу учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ерлан Қызылбаев пен полиция старшинасы Алексей Ладанов жолға шығып, екі сағат ішінде қиындыққа тап болған қарт адамды тауып алған. Олар бұдан әрі зейнеткерді қызметтік көлікпен ТЖМ станциясына жеткізген.
– Әкемнің өмірін сақтап қалғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Олар ойланбастан шақыртуға жедел жауап беріп, қарт адамды қиындыққа тастамады. Іздеуді сауатты ұйымдастырды, біз үшін қымбат адамның өмірін сақтауға көмектесті, – деп Шідерті ауылының тұрғыны Оксана Литвина шын жүректен алғысын білдірді және тәртіп сақшыларының жұмысына сәттілік тіледі.
Полиция майоры Ерлан Қызылбаев облыс полицейлері «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында жұмыс істейтінін және негізгі міндет халыққа көмек көрсету болып табылатынын атап өтті.