Павлодарда ыстыққа байланысты жұмыс күнін қысқарту ұсынылады

Павлодарда ыстыққа байланысты жұмыс күнін қысқарту ұсынылады
Фото: Константин Шелков

Жұмыс беруші қызметкерлерді жылыту, салқындату және демалу үшін тиісті жабдықтармен қамтамасыз етуге міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық еңбек басқармасы кеңседе жұмысты ұйымдастыру үшін Еңбек кодексінің 184-бабын басшылыққа алуға кеңес береді. Оған сәйкес жұмыс орындары орналасқан жұмыс бөлмесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін тиісті температура, жарықтандыру және желдету қамтамасыз етілуі керек.

– Елдің көп бөлігіндегі ыстық ауа райы көптеген жұмысшылар үшін, әсіресе ашық жерлерде немесе кондиционері жоқ бөлмелерде жұмыс істейтіндер үшін еңбек жағдайларына қауіп төндіреді. Осыған байланысты жұмыс берушілерге жұмыс күнін қысқарту ұсынылады, – дейді басқармада. 

Еңбек кодексіне сәйкес, ыстық маусымда немесе жабық жылытылмайтын бөлмелерде, ашық ауада жұмыс істейтін жұмысшылар, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарымен айналысатындар жылыту немесе салқындату, демалу үшін арнайы үзілістерге құқылы.  Мұндай үзілістер жұмыс уақытына қосылады. 

Аптап ыстық күндері жұмыс кестесін қызметкерлерге бейімдеу ұсынылады, яғни, жұмыс күнін температура жоғары көтерілгенге дейін бір жарым-екі сағат бұрын бастау керек. Маңызды тапсырмаларды таңертең ерте немесе кешке, ыстық түскен кезде орындау қажет. Егер жұмыс орнындағы температура нормаларға сәйкес келмесе, жұмыс беруші кондиционерлер орнатуы немесе жұмыс уақытын қысқартуы тиіс. Егер кеңседе кондиционерлер болса, жұмыс күнін қысқарту қажет емес. Бұл ұсыныстар кеңсе қызметкерлеріне қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 7 маусымда Павлодар облысында төтенше өрт қаупі сақталады. Облыста ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріледі.