Екібастұзда рейд барысында тұрмысы нашар отбасы анықталды

Екібастұзда рейд барысында тұрмысы нашар отбасы анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балаларға қажетті тұрмыстық жағдай жасалмағандықтан, отбасы есепке алынып, бақылауға қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел әрекет топтары әлеуметтік қауіпті және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қадағалау мақсатында кезекті ведомствоаралық рейд өткізді.

Рейд қатысушылары 50 пәтерді аралады, нәтижесінде бір тұрмысы нашар отбасы анықталды. Жеке баспанасы жоқ (мемлекеттік қордан баспана алуға кезекте тұрған) екі баласы мен әжесі бар ана атаулы көмек алады. Балаларға қажетті тұрмыстық жағдай жасалмағандықтан, отбасы есепке алынып, бақылауға қойылды. Бақылау тобының өкілдері барлық отбасылармен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың жауапкершілігі, алкогольді ішімдікке салынуға жол бермеу және балаға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы әңгімелер жүргізді, – делінген хабарламада.

Жауапты тұлғалар балаларға сенім телефондарының нөмірлерін еске түсіріп, олардың өздеріне және оларға қатысты заңсыз әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты.

Біздің міндетіміз – балаларды қорғау және олардың өмір салтын жақсарту бойынша ата-аналарды ынталандыру, – деді рейд барысында білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыз және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша іс-әрекеттерін үйлестіруге, сондай-ақ қолайсыз отбасылармен жұмыс жасауға көмектеседі.