Екібастұзда тротуарға тұрақтаған жүргізуші айыппұл арқалады

Екібастұзда тротуарға тұрақтаған жүргізуші айыппұл арқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары тәртіп сақшыларын құқық бұзушылық туралы «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабардар етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Police 102» Омниканалды жүйесінің мобильді қосымшасына: «Екібастұз қаласындағы Энергетиктер көшесіндегі үйдің жанында автомобиль тротуарға шығып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып тұр» деген хабарлама түскен. Оған қоса, құқық бұзушылықты растайтын бейнематериалдар да қоса жіберілген.

– Аталған аулаға келген полицейлер көліктің подъездің жанындағы тротуарда тұрғанын анықтады. Жолаушылардың подъезге кіруі үшін көлікті айналып өтуіне тура келді. Үй тұрғындары бұл үйде көптеген қарт адамдар мен кішкентай балалары бар отбасылар тұратынын және арбамен жүру мүмкін еместігін жеткізді, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Осы құқық бұзушылықты жою және көлік иесін жауапқа тарту үшін полицейлер оның жеке басын анықтады. Көлік иесі сол подъезде тұратын азамат болып шықты. Ол өз әрекетін «Көлікті айналып өту аса қиын емес» деген пікірмен түсіндірген. Алайда, құқық бұзушыға тұрақ ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицияның мәліметінше, биыл осындай құқық бұзушылық үшін 300-ден астам жүргізуші жауапқа тартылған. Ал «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы 40 павлодарлық тәртіп сақшыларына құқық бұзушылық туралы хабарлаған.

Ведомство бұл жүйенің азаматтарға әлеуметтік желілер, электрондық пошта және мессенджерлер арқылы полицияға қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпарат жіберуге мүмкіндік беретінін еске салды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, аудио немесе бейнеқоңырау кезінде қолданушының орналасқан жері автоматты түрде анықталады, бұл полиция қызметкерлеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.