Ертіс ауданында жаңа мешіт ашылды
Ағашорын ауылының халқы жаңа мешіттің ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл шетіне он шақты киіз үй тігіліп, халыққа ас берілді. Сонымен қатар, ат бәйгелері (тай, құнан бәйгесі, тоқ бәйге), палуандар күресі ұйымдастырылып, қомақты жүлделер ұтысқа қойылды.
Қасиетті орынды ашу әдеттегідей Алланың кәләмы – Құран оқумен басталып, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер сөз сөйледі. Облыстың бас имамы Жолдас Бертымұратов жиналған жамағатқа имандылық, жастар тәрбиесі, мешіттің халықтың береке-бірлігін арттыруда атқарар рөлі жайлы кең көлемде уағыз айтты.
– Мешіттің лентасы қиылып, жаңа мешітке қадам басып кірген жамағат екі рәкағат сәлем намазын оқыды. Ағашорын ауылдық жаңа мешіті 150 адамға арналған, имам бөлмесі, ер және әйел жамағатқа арналған заманауи дәрет алатын бөлмелермен жабдықталған, – дейді баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Әсем де көрікті мешіттің бой көтеруіне мол үлес қосып, негізгі жұмыстарын атқарған Балғабай Бәкішев, Ерболат Сейдахметов, Ерқанат Байғазинов және кәсіпкер азаматтарға алғыс айтылып, иықтарына шапан жабылды.