Екібастұзда түнде қатты музыка тыңдаған тұрғынға айыппұл салынды
Кеншілер қаласында бір түннің ішінде 11 тұрғын өздерінің көршілеріне арызданып, полиция басқармасына шағым түсірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Шешембеков көшесі бойында тұратын 30 жастағы ер адамды жауапқа тартты.
– Ол сенбіден жексенбіге қараған түні сағат 23.00-ден кейін әннің дауысын қатты шығарып тыңдаған. Учаскелік полиция инспекторы ер адамға қатысты 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салып, ҚР ӘҚБК 437-бабы, 1-бөлімі бойынша тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар сол жерде тұратын отбасылардың барлық мүшелерімен тыныштықты сақтау және көршілерге құрметпен қарау қажеттілігі туралы әңгіме жүргізілді, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рустам Омаров.
Айта кетерлігі, 2023 жылғы есеп беру кезеңінде Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін 800-ден аса адам жауапкершілікке тартылған.
Полиция тұрғындарға заңды қадағалау қажеттілігі, сондай-ақ құқықтық тәртіп меселелеріне бей-жай қарамау туралы ескертеді. Құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты бірден «102» телефон нөмірі бойынша хабарлау қажет.