Павлодарда студенттер мен оқушылар айтысты
Жарысқа он шақты айтыскер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай «Жасымнан үйір болдым өлең сөзге» атты жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Жыр додасына қатысқан сегіз айтыскердің төртеуі – мектеп оқушылары. Олардың ең үлкені 20 жаста болса, ең кішісі – 13-те.
Университет намысын Бексұлтан Қайдаров, Мағзұм Имантай, Рамазан Дәуренбекұлы, Нұрсерік Тәуекелов қорғады. Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған обыстық қазақ-гимназиясы интернатының атынан Ибраһим Қазбек пен Мейіржан Баршынбай, Баянауыл ауданынан Жансерік Совет пен Мәуіт Нұрақмет қатысты. Айтыскерлердің өнеріне жергілікті айтыскер ақындар Нұрбек Бәкір, Айбек Оралхан, Абзал Қабдраш төрелік етті.
Жарыс нәтижелері бойынша үшінші орынды Рамазан Дәуренбекұлы, екінші орынды Нұрсерік Тәуекелов иеленді. Бірінші орын Мейіржан Баршынбайға бұйырса, бас жүлдені Бексұлтан Қайдаров жеңіп алды.
Жүлде қоры келесідей бөлінді: үшінші орынға – 50 мың теңге, екінші орынға – 70 мың теңге, бірінші орынға – 100 мың теңге, бас жүлдеге – 150 мың теңге. Қалған қатысшыларға арнайы жүлделер мен 20 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Еске сала кетейік, Алматы облысында өткізілген «Жыр алыбы — Жамбыл» жас ақындар айтысында өңіріміздің намысын қорғаған Мейіржан Баршынбай бірінші орынды жеңіп алды.