Екібастұзда жаңа автобустар № 7 және № 9 бағытта қатынайды
Жаңа қоғамдық көліктер екі бағытта жүреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, № 7 бағыт бойынша қоғамдық көліктер жаңартылғанға дейін алты автобус жүрген. Аталған бағытта төрт автобус жаңартылады. Нәтижесінде интервал 17 минуттан 11 минутқа дейін қысқарады.
– № 9 бағытта толығымен жаңартылады. Интервал 15 минуттан 10 минутқа дейін қысқарады. Босаған және «Жоламан - ЭК» ЖШС резервіндегі автобустар №7 және №9 бағыттардан № 3 және 33 бағытқа ауыстырылады, – деді баспасөз қызметінде.
ZhongTong маркалы жаңа 10 автобуста желдеткіш және кондиционер, өртке қарсы, жылыту, жедел қызметті шақырту, хабарландыруға арналған дыбыс жүйелері, аудиожүйе бар.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының соңында Екібастұзға Zhong TONG маркалы 10 жаңа, 12 метрлік, үш есікті автобус әкелінген болатын. Наурыз айының соңына дейін тағы 10 төмен еденді, заманауи автобус жеткізу жоспарланып отыр.