Павлодарда тәулігіне 500 тонна қоқыс сұрыптайтын орталық іске қосылды

Павлодарда тәулігіне 500 тонна қоқыс сұрыптайтын орталық іске қосылды
Фото: Есенжол Исабек

Қалдықтар пайдалы және қайта өңдеуге келмейтін фракцияларға бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Павлодарда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын жаңа орталық жұмысын бастады. Нысанның ашылу барысына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барды.

– Павлодар қаласында жыл сайын 130-150 мың тоннаға дейін қоқыс жиналады. Оның шамамен 50 мың тоннаға жуығын полигонға көмбей, қайта өңдеуге бағыттауға мүмкіндік бар. Бірінші кезеңде пластик, қағаз, ағаш, шыны, темір және басқа да металл түрлері сұрыпталып алынады. Сондықтан бұл сұрыптау зауытының ашылғанына өте қуаныштымыз, – деді аймақ басшысы. 

«Сұрыптау орталығы» ЖШС директоры Алихан Албаковтың айтуынша, кәсіпорын Павлодар қаласының барлық аумағынан келетін тұрмыстық қалдықтарды қабылдай алады. Сұрыптау желісінің қуаты тәулігіне 500 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын қазір жұмысты кезең-кезеңімен іске қосып жатыр, ал алдағы уақытта қосымша нысандардың құрылысы жалғасады.

Қазіргі кезеңде орталықтың негізгі міндеті – қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды полигонға жібермеу. Қалдықтар пайдалы және қайта өңдеуге келмейтін фракцияларға бөлінеді. Пайдалы материалдар іріктеліп, кейін қайта өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Бұл бағытта бірқатар кәсіпорындармен келісімшарттар жасалған.

– Қайта өңдеуге пластиктің жетіден астам түрі, картонның жекелеген түрлері, макулатура, алюминий банкалары, түсті металдар мен қаңылтыр жатады. Сонымен қатар, қоқыс арасынан кездесетін литий-ионды аккумуляторлар да бөлек алынып, арнайы қайта өңдеушілерге беріледі, – дейді Алихан Албаков. 

Кәсіпорын өкілдері тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинауына ерекше мән беріп отыр. Әсіресе жеке сектор тұрғындарына күлді тұрмыстық қоқыстан бөлек тастау ұсынылады. Күл қайта өңделмейді және ҚТҚ полигонына жіберіледі.

Қалада батареяларға арналған арнайы жәшіктер мен пластик бөтелкелерді жинауға арналған контейнерлер де орнатылған. Оларды пайдалану сұрыптау процесін жеңілдетеді.

Орталықта қазір қоқысты қолмен сұрыптайтын желі жұмыс істеп тұр. Сұрыптау нәтижесінде қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар «қалдық бөлігі» деп аталып, ҚТҚ полигонына жөнелтіледі. Ал қайта өңдеуге жарамды фракциялар тиісті кәсіпорындарға беріледі.

Кәсіпорынның жоспарына сәйкес, бір жыл ішінде полигондарға түсетін қалдық көлемін 30 пайызға дейін азайту көзделіп отыр.

– Жалпы қоқыс көлемінің жартысына жуығын құрайтын органикалық қалдықтарды, яғни тамақ және азық-түлік қалдықтарын сұрыптауға басымдық береміз. Болашақта жылына шамамен 50-60 мың тонна органикалық қалдықты өңдеп, одан органикалық тыңайтқыш өндіруді жоспарлап отырмыз. Оны Павлодар қаласының көгалдандыру жұмыстарына пайдаланатын боламыз, – деп атап өтті облыс әкімі. 

Асайын Байхановтың айтуынша, алдағы уақытта құрылыс қалдықтарын және басқа да материалдарды өңдеу қарастырылмақ. Мысалы, тротуарлық плитка, тас, бордюр, асфальт немесе тротуар төсеу кезінде қолданылатын материалдарды өндіру жоспарда бар. 

Кәсіпорынның толыққанды қайта өңдеу кезеңін шамамен 2028 жылы іске қосу жоспарланған. 2027 жылдан кейін жиналған қалдықтардың нақты көлемі мен морфологиялық құрамы туралы толық мәлімет қалыптасып, қандай материалдарды кәсіпорынның өзінде қайта өңдеу тиімді екені анықталады.

«Сұрыптау орталығы» ЖШС пластик қалдықтарын өңдеу бағытында «Спецмашин» кәсіпорнымен меморандумға да қол қойған. Қаланың арнайы торларына жиналған пластик қосымша сұрыпталып, қайта өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Себебі контейнерлерге пластикпен бірге картон және басқа да қалдықтардың түсіп кетуі жиі кездеседі.

– Кәсіпорын тәулігіне 500 тоннаға дейін қалдық қабылдай алады. Мұнда екі ауысымда 120-дан астам адам еңбек етеді. Орталық таңғы сағат 07:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Қалдықтар барлық қоқыс шығаратын ұйымдардан қабылданады. Сондай-ақ полигоннан сұрыптауға жататын қалдықтар да кәсіпорынға жеткізіледі, – деді орталық директоры. 

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 4,7 миллиард теңге. Оның 2,5 миллиард теңгесі «Жасыл даму» АҚ бағдарламалары арқылы Өнеркәсіпті дамыту қорының көмегімен тартылған кредиттік қаражат болса, қалған 2,2 миллиард теңге – кәсіпорынның өз қаражаты.

Болашақта осындай сұрыптау зауыттары Екібастұз және Ақсу қалаларында да салынуы мүмкін.