Баянауыл ауданының 30-ға жуық ауылында арнайы байланыс желісі салынады

Баянауыл ауданының 30-ға жуық ауылында арнайы байланыс желісі салынады
Фото: pexels.com

Ол келесі жылға жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жаңатілек ауылының мәдениет үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың Баянауыл ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуі өтті. Аймақ басшысы халық алдында ауданда биыл атқарылған жұмыстар және жоспарлар туралы баяндады. 

– Ауданның 32 елді мекеннің ішінде ұялы байланыс және интернет желісінің қолжетімділігі нашар 10 ауыл бар. Олардың басым бөлігі кішігірім ауылдар. Дегенмен де 2025-2027 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 28 елді мекенде арнайы байланыс желісін салу жоспарлануда, – деді Асайын Байханов.

Айта кетейік, 2025 жылы мұндай жұмыс 12 ауылда жүргізіледі – Жүсіпбек Аймауытов, Торайғыр, Ұзынбұлақ, Шоңай, Октябрь, Мәшһүр Жүсіп, Қаратомар, Лекер, Майкөбе, Үшқұлын, Ақши, Сұлужон. Қалған ауылдар 2026-2027 жылдарға жоспарланған. 

– Бұл шара халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні анық. Сондай-ақ, келесі жылы Майкөбе, Александровка және Мұса Шорман ауылдарында үш байланыс жүйелері орнатылады, – деді облыс әкімі. 

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мәшһүр Жүсіп, Ақши, Ұзынбұлақ, Қаратомар, Шоманкөл ауылдарының мектептерінде интернет жақсартылды.