Екібастұзда жаңа жылу магистралін жуу және сығымдау жұмыстары жүргізілуде
Кеншілер шаһарында 2023-2024 жылыту маусымы штаттық режимде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
- 22 сәуірден бастап жылыту маусымын аяқтадық. Былтырғы жазда ауқымды жөндеу жұмыстарының арқасында жылу жүйелерінде де, станцияның өзінде де 2023-2024 жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Биылғы жылға жоспарлар жеткілікті. Қазірдің өзінде «Екібастұзтеплоэнерго» қызметкерлері мен мердігер ұйым жаңа 7/1 жылу магистралін жуу және сығымдау жұмыстарын жүргізуде, - деді шаһар басшысы.
Аян бейсекин 25-27 сәуір аралығында қаланың барлық жылу жүйелерінде температуралық сынақтар өткізу жоспарланғанын атап өтті. Осыдан кейін тұрғын үй массивтері ыстық сумен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілетін болады.
- Маусым мен шілде айларында ақауларды анықтау және жою бойынша гидравликалық сынақтарға қатысты жұмыстар екі кезеңде өтетінін айта кету қажет. Бұл жөнінде нақты ақпаратты кейінірек хабарлаймыз. Үкімет басшылығы мен облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен ағымдағы жылы 1-ші және 3-ші негізгі жылу жүйелерін, сондай-ақ станцияның негізгі және қосалқы жабдықтарын жаңарту жұмыстары жоспарланған, - деді ол.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар облыс әкімі мен Аян Бейсекиннің жеке бақылауында болады.