Екібастұзда жедел жәрдемнің қосалқы станциясына түскен шағымдар расталмады

№4 жедел жәрдем қосалқы станциясында 4 қыркүйек күні ұжыммен көшпелі өндірістік жиын өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Талқылауға облыстық «103» станциясы басшысының орынбасары, заңгерлер, бас есепші, бас инженер және қызметтің гараж меңгерушісі қатысты. Кездесуге қатысқан қосалқы станцияның дәрігерлер, фельдшерлер және жүргізушілер құрамындағы ұжымы бір күн бұрын анонимді хабарламада көрсетілген ақпаратты теріске шығарды.
Жүргізушілердің айтуынша, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде ешқандай проблема жоқ. Санитарлық көліктердің жанармай жетіспеушілігінен шақыру кезінде тоқтап қалу фактілері болмаған және қосалқы станция қызметкерлері оны растаған жоқ. Әкімшілік шақырулардың орташа санын, жүрілген километрді талдап, әр медициналық бригада бойынша жанармай қалдықтарын салыстырып тексерді. Бас инженер мен гараж меңгерушісі, сондай-ақ 5 жылдан астам жұмыс өтілі бар жүргізушілер жаңадан қабылданған жүргізушілерге жүрілген километрді ескере отырып, жанар-жағармай шығыны мәселелері бойынша түсініктеме берді.
– Жыл сайын станцияға жас мамандар – дәрігерлер мен фельдшерлер жұмысқа орналасады. Екібастұз қосалқы станциясында тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгерлер бар. Жас мамандар міндетті түрде бригадаларға екінші фельдшер болып бөлінеді және бригададағы аға қызметкердің жетекшілігімен жұмыс істейді, – деп түсіндірді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
Бұдан басқа, жас қызметкерлер үшін қосалқы станцияның меңгерушісі мен аға фельдшері бекітілген жоспар бойынша дәріс және практикалық сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, станцияның қаражаты есебінен сертификатталған жаттықтырушыларды тарта отырып және сертификаттар бере отырып, халықаралық стандарттар бойынша орталықтандырылған оқыту жүргізіледі.
– Жыл басынан бері жеке өтініштер негізінде 8 медицина қызметкерімен еңбек шарттары бұзылған. Барлық жеке өтініштерде жұмыстан шығу себебі ретінде басқа аймаққа көшу көрсетілген. Еңбек шарттарын бұзу үшін басқа негіздер болмаған, – деді станцияда.
Екібастұздағы №4 қосалқы станциясы Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Қызмет үшін негізгі нормативтік құжат – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы «Жедел медициналық жәрдемді, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» №225 бұйрығы. Қосалқы станция меңгерушісі мен аға фельдшері бұйрық тармақтарының орындалуына және шұғыл қызмет индикаторларына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, консультативтік сипаттағы мәселелер мен практикалық дағдыларды пысықтау шешіледі.
Медициналық ұйымның беделіне нұқсан келтіретін анонимді өтініш түсуіне байланысты Екібастұз қаласындағы №4 қосалқы станцияның ұжымы толық құрамда ұжымдық теріске шығаруға қол қойды. Қосалқы станция қызметкерлері анонимді өтініште көрсетілген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін растайды. Сонымен қатар, бұл туралы медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына тиісті өтініш жазды.
Еске сала кетейік, Instagram әлеуметтік желісінде парақшалардың бірінде Екібастұз қаласының 4-ші жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы қызметкерлерінің атынан анонимді өтініш жарияланды. Ақ халаттылар ұжымы көлік жүргізушілеріне күніне аз бензин бөлінетініе шағымдануда. Олар көрші ауылдарға баруға тура келетін кезде, жанармай таусылып кететін кездер болған деп пайымдады.