Павлодар облысында креативті хаб құрылады

Павлодар облысында креативті хаб құрылады
Фото: pexels.com

Жоба Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда креативті жобаларды жүзеге асыру бойынша жоба басталды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова «Қазпошта» АҚ базасында Қазақстан бойынша креативті хабтар құру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттау мен коммерцияландыруға жәрдемдесуді көздейтін  «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығы» корпоративтік қоры құрылатын болады.

– Бүгін біз «Қазпошта» АҚ базасында креативті кеңістіктер құру жөніндегі бірлескен жобаны бастаймыз. «Қазпошта» АҚ  осы саладағы негізгі қатысушылардың бірі болады», – деп атап өтті вице-министр.

Хабтардың ашылуы өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, кезең-кезеңімен іске асырылады.

Алғашқы хаб  Павлодар облысының Ақсу қаласында және Қызылорда облысының Шиелі ауданында құрылады.

Креативті кеңістікте жемісті және жасампаз еңбекке, жаңа идеяларды іске асыруға, сарапшылар қауымдастығы құрылып, олардың «шығармашылық дамуы» үшін жайлы, қолайлы жағдайлар жасалады.

Хабтардың жұмысына кәсіпкерлер, инновациялық компаниялар, инвесторлар мен сарапшылар тартылып, шығармашылықпен айналысушылар зертхана және құрал-жабдықтармен қамтылады.