Баянауылда жұмыспен қамту орталығының жүргізушісі жол апатынан көз жұмды
Ер адам жүк көлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында 44 жазатайым оқиға орын алған. Оның ішінде 46 адам зардап шекті, 29 адам ауыр жарақат алды, екі адам қаза тапты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.
– Жұмыспен қамту орталығының көлігі апатқа ұшырады. Бұл жағдай 5 мамыр күні орын алған еді. Қалқаман – Баянауыл тас жолында «КамАЗ» жүк көлігі қарсы жолаққа шығып, сол бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысқан. 44 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір орталық қызметкерінің оң қолы сынған және бірнеше жері жарақаттанған, – дейді Асқар Қапанов.
Сондай-ақ «Барысстрой» ЖШС-да ГРЭС-1-де оқыс жағдай орын алған. Жұмысшыны кран техникалық көлігі қысып тастаған.
Екі жағдайда да кәсіпорындардың кінәсі толық анықталды. Бірақ, Қалқаман – Баянауыл тас жолында орын алған оқиғаға жұмыс беруші мекеменің кінәсі анықталмаған. Қызметкерлер жұмыс уақытында болған соң кәсіпорынды толық кінәлі деп анықтады.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері зардап шеккендердің өрескел абайсыздығы, еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы болып табылады.