Шарбақты ауданында алимент төлеуден жалтарған әке ұсталды
Оның баласына бес миллион теңгеге жуық қарызы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарбақты ауданының полициясына баланы асырауға ақшалай қаражатты төлемеу фактісі туралы өтініш түскен. Ауыл тұрғыны ұлына алимент төлемейтін бұрынғы жолдасына қатысты шағымданған.
– Ер адам сот шешіміне қарамастан, 2015 жылдан бастап алимент төлеуден жасырынып, балалармен кездесуден қашқақтаған. Ауыл тұрғыны қарыз сомасын өндіріп алу туралы сот шешімін одан әрі орындау үшін ұсталып, жеке сот орындаушысына тапсырылды, – деді департаментте.
Айта кетейік, жыл басынан бері балаларды асырауға қаражат төлеу бойынша міндеттерді орындамаудың 30 фактісі тіркелген.