Тәртіпсіз ойындар: Павлодарда болған шулы оқиғаға қатысты жаңа дерек белгілі болды
Қ.Мақпалеев атындағы мектепте болған атышулы істің өзге де жай-жапсары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин мәлім етті.
– Жеті жасар балаға сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған 4-сынып оқушысының бұған дейін де заңға қайшы әрекет жасағаны белгілі болды. Ол ұрлауға әрекет жасаған, көліктерді ашқан. Бұған дейін де көзге түскен. Бұл оның үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде болған. Мектеп ішіндегі есепке алынған,– дейді Қуаныш Қыдыралин.
Белгілі болғандай, зорлық-зомбылық оқиғасы 26 қыркүйекте орын алған. Бейнежазбаны көрген жәбірленушінің анасы 3 қазан күні мектепке хабарласқан. Алайда жұртшылықтың арасында жарияланып кетуден қауіптенген ата-аналар мектеп басшылығынан мәселені білім мекемесінің қабырғасында шешуді сұраған. Дегенмен, 6 қарашада ата-аналар білім беру бөліміне хабарласуды жөн көрген.
Бұл мәселені облыстық полиция департаменті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибегүл Қамзина құқықтық тұрғыдан түсіндірді.
– Бұл жерде құқық бұзушылық жыныстық қол сұғылмаушылықты да қамтиды, жыныстық мәжбүрлеу бар. Фактінің өзі соңына дейін жеткізілмеді және мұның бәрі балалық тентектік, жыныстық қызығушылық түрінде болды. Бұл ретте оның қылмыстық жауапкершілік басталатын жасқа жетпегенін айтып отырмыз, – дейді Бибегүл Қамзина.
Тәрбие беру бойынша міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналар ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Материалдар сотқа жіберілді. Сондай-ақ олар бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін айыппұл төлеуі немесе бес тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне кәмелетке толмағандардың басқа кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттері туралы хабарламағаны үшін директордың міндетін атқарушыны, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, әлеуметтік педагог пен сынып жетекшілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды.