Екібастұздағы дүкендердің бірінде шұжықтан шошқа ДНҚ-сы анықталды

Екібастұздағы дүкендердің бірінде шұжықтан шошқа ДНҚ-сы анықталды
Фото: Константин Шелков

Тыйым салынған құрамдас бөлік санитариялық дәрігерлердің тексерісі барысында табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, тексерулер барысында өнімнің таңбалануына, сондай-ақ бактериологиялық, микробиологиялық және химиялық көрсеткіштеріне қатысты бірқатар сәйкессіздік анықталған.

– Кезекті тексеріс кезінде шұжық өнімінің құрамынан шошқа ДНҚ-сы табылды. Алайда, бұл туралы өнімнің қаптамасында ешқандай ақпарат көрсетілмеген. Осы дерек бойынша жедел шаралар қабылданды. Мамандар алматылық тасымалдаушыны анықтап, мән-жайды тексерді. Сонымен қатар, өнімді сауда айналымынан қайтарып алу жұмыстары қолға алынды. Алайда, сиыр етінен жасалған Беларусь өндірісінің сервелаты сол уақытқа дейін толық сатылып кеткен. Тергеу барысында өнімнің Алматыдағы қоймадан жеткізілгені анықталды. Осыған байланысты біз сол жердегі аумақтық департаментіне ресми хат жолдадық. Ендігі тиісті шараларды әріптестеріміз қабылдайды, – деді Гүлнар Ақылбекова.

Мамандардың айтуынша, зертханалық сараптама шамамен екі аптаға созылады. Шошқа ДНҚ-сы өзге өңірдегі зертханада жүргізілген зерттеу барысында анықталған.

Облыста дүкен сөрелеріндегі азық-түлік өнімдеріне жүргізілетін тексерістер кезінде анықталатын заң бұзушылықтардың басым бөлігі таңбалауға қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауы, сақтау мерзімінің дұрыс көрсетілмеуі және таңбалаудағы басқа да сәйкессіздіктер жиі кездеседі.

Өңірде жыл басынан бері бақылау мақсатында 1378 өнім үлгісі іріктеліп алынды. Оның 867-сі – азық-түлік өнімдері, 511-і – азық-түлікке жатпайтын тауарлар. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижесінде 429 сынамадан талаптарға сәйкессіздік анықталды. Оның ішінде 97-сі – азық-түлік өнімдері, ал 332-сі – азық-түлікке жатпайтын өнімдер.

Талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді сатқаны үшін 36 сауда орнына өнімді сауда айналымынан алып қою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 1,4 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы құны 187 теңгенің өнімі айналымнан шығарылды.