Павлодар облысының ауыл балаларында Бурабайда оқитын мүмкіндік бар

Павлодар облысының ауыл балаларында Бурабайда оқитын мүмкіндік бар
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында «IQanat» республикалық олимпиадасының екінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«IQanat» – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкерлер қолдайтын әлеуметтік-білім беру жобасы.

25 наурыз күні өтетін зияткерлік додаға облыстың ауылдық мектептерінен 205 бала қатысады.

Аталған белесті бағындыруға Қазақстанның барлық өңірінен 10 мыңнан астам бала күш салатынын айта кеткен жөн. Бұл ретте олардың 70%-ға жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Ал оның ішінде 91%-дан астамы көп балалы отбасылардан болса, 13%-ы толық емес, ал 4%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан, – деп мәлімдеді білім беру қорының баспасөз қызметі.

Екінші кезең пәндік бағытқа ие, яғни оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сияқты пәндер бойынша тестілеуден өтеді. 

Дәл осы кезеңде ақтық сынға жолдама алатын 1000 бала анықталады. Үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы «IQanat» мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданады. Осылайша балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлікті және басқа да салаларды оқитын болады. Сондай-ақ олар жетістіктерге ынталандырылып, үлгерімдері назарда ұсталады, – делінген хабарламада.  

Осындай күшті академиялық дайындықтың арқасында «IQanat» бағдарламаларымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп отырады. Қазір «IQanat» түлектері әлемнің 15 елінде оқып жатыр.

«IQanat» тарабы Олимпиаданы ұйымдастыра отырып, қазақстандық ауылдардан шыққан дарынды балалардың білім беру жолында тұрған қаржылық және әлеуметтік кедергілерін жоюға тырысады.