Павлодарда тұрғын үйдегі өрттен 10 жасар қыз құтқарылды
Оған медициналық көмек қажет болған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін 17:32-де Торайғыров көшесі, 6 мекенжайында жетінші қабаттағы төрт бөлмелі пәтерде балкон жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Пәтердің балконында үй заттары, жиһаз, қағаздар және электр плитасы жанып жатқаны анықталды, өрттің көлемі 4 шаршы метр, сонымен қатар жатын бөлмесіндегі жоғары температураның әсерінен пластикалық төбе, терезе жақтауы және балкон есігі балқып кетті. Өрт көлемі 12 шаршы метрді құрайды, – дейді өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері.
Өрт сөндірушілер баспалдақпен 13 адамды эвакуациялады, олардың төртеуі бала.
– Жанып жатқан балконнан бір қабат жоғары сегізінші қабаттағы пәтерден газ-түтінінен қорғау қызметінің қызметкерлерімен «Фенист» құтқару құрылғысын пайдаланып, 2013 жылы туған қыз баланы баспалдақпен құтқарды. Ол үйде жалғыз болған және балконнан құтқарушыларды көмекке шақырған, – делінген хабарламада.
Пәтердің есігі алдын ала ашылды. Баланы апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері тексерді, қызға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Өртті сөндіруге барлығы 10 бірлік техника мен 35 қызметкер жұмылдырылды.
Өрт толығымен сағат 17:54-те жойылды. Өрттің салдары мен себептері анықталуда.