Павлодар облысында күн өтудің 11 жағдайы тіркелді

Павлодар облысында күн өтудің 11 жағдайы тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың төртеуі – балалар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауа температурасының көтерілуіне байланысты өңірде жедел медициналық көмекке жүгіну жағдайлары шамамен 20 пайызға артқан. Көбіне бұл шақырулар балалар, егде жастағы адамдар мен жүрек-қан тамырлары және өзге де созылмалы аурулары бар науқастармен байланысты.

Облыстық 103 қызметі маусым айының басынан бері күн өту белгілерімен 11 рет шақыртуға шыққан. Оның төртеуінде медициналық көмекке балалар мұқтаж болған.

Дәрігерлер күннің ең ыстық уақытында – сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін – күн астында ұзақ болмауға кеңес береді. Далаға шыққанда міндетті түрде бас киім киіп, су алып жүру ұсынылады. Сондай-ақ мамандар жеңіл әрі ыңғайлы киім киіп жүруді, тағамдарды тек тоңазытқышта сақтауды, жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жууды, тамақ ішер алдында қол жуу мен балалардың күн астында ұзақ болуына жол бермей, жиі су ішіп отыруын қамтамасыз етуді ұсынады, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, денсаулықта әлсіздік, күн өту, улану немесе инфекция белгілері байқалса, медициналық көмекті кейінге қалдырмай, дереу жүгінген жөн.