Павлодар облысында инвестиция тарту мәселесі ақсап тұрған аудандар аталды

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, өңір барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша республикалық бөліністе бесінші орында тұр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,1 пайыз деңгейінде тіркелген. Жалпы есепті кезеңде 952 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу секторында – сегіз пайыз, сумен жабдықтау секторында – 3,7 пайыз және электрмен жабдықтау секторында 1,8 пайыз өсу байқалады.
Өңір экономикасына 143 млрд теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім бес пайыз өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 33 млрд теңгені құрады, 54 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
– Облыс өңірлері бөлінісінде барлық индикаторлар бойынша оң динамика Екібастұз қаласы және Баянауыл, Май, Успен, Шарбақты аудандарына тиесілі, – деді Ирина Назарчук. – Ал, Павлодар және Ақсу қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай, Тереңкөл, Аққулы, Павлодар аудандарында бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіп, инвестициялар тарту және тұрғын үйді іске қосу салаларында теріс динамика тіркелді.
Асайын Байханов әкімдердің негізгі бір міндеттердің бірі инвестицияларды тарту болып табылатын еске салып, бұл бағытта көрсеткіштердің төмендеу себептерін түсіндіруді сұрады.
Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов мұндай жағдайды ірі жобалардың болмауымен байланыстырды.
– Бірақ инвестиция тарту мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде болжамда тұрған төрт үлкен жоба бар, – деді ол.
Ал, Аққулы ауданында «Радуга» және «Жалғас» шаруа қожалықтарының суармалы аумақтардың ұлғаюына байланысты жаңбырлатқыш машиналар мен суару жабдықтарын сатып алу жоспарланған, бірақ қаржы мәселесіне байланысты бірінші тоқсанда жабдықтар сатып алынбаған.
– Сол себептен есепке енгізілмеген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі көрсеткішінің орындалмау себебі содан болған. Енді жобаны іске асыру ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жоспарлануда. Екінші тоқсан мен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш орындалады, – деп сендірді Руслан Мұқанов.
Асайын Байханов екінші тоқсанда инвестициялар тарту және өнеркәсіптің өсуі бөлігінде жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сондықтан жағдайды бақылауда ұстап, қадағалауды тапсырды.