ErgSkills: Павлодар облысында үздік жас электриктер бақ сынасты

ErgSkills: Павлодар облысында үздік жас электриктер бақ сынасты

Байқау жеңімпаздары Қытайға халықаралық тәжірибеден өтуге аттанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шеберлік байқауына Колледждер альянсы мен ERG құрамына кірген еліміздің үш облысынан 14 оқу орнының өкілдері қатысты. Бірінші старт Ақтөбе облысындағы Хромтау тау-кен жоғары колледжінде былтыр өтсе, биыл конкурс Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде ұйымдастырылды. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесінде студенттер оқуды өндірістегі жұмыспен қатар алып жүре алады. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытында немесе Еуразиялық энергетикалық корпорациясында еңбек етуге мүмкіндіктері бар.

Колледж басшысы Алма Айтуарованың айтуынша, биыл «ErgSkills» байқауының ережесіне өзгерістер енгізілді. Байқау үш кезеңде, бес бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда, слесарлық, дәнекерлеу ісі, тоқарлық іс, өнеркәсіптік автоматика және электрмонтаждау.

«Электрмонтаждау» құзыреттілігі бойынша сайысқа Ақсу, Павлодар және Екібастұз қалаларының студенттері, сондай-ақ 23 жасқа дейінгі ERG корпорациясы кәсіпорындарының қызметкерлерінен тұратын 13 адам қатысты.

Аталмыш құзыреттілік бойынша Қостанай және Ақтөбе облысында да байқау өтуде.

– Сарапшылар барлық қатысушылардың ұпайларын жинақтайды және үздік  қатысушы Қытай Халық Республикасы базасында тағылымдамадан өтуге ие болады. Тағылымдама - біздің студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Өткен жылы жолдама жеңіп алған біздің колледж студенті Қытайға барып, сол елдің студенттері арасында өткен кәсіби шеберлік байқауында өте жақсы нәтиже көрсетті, үздік студенттер қатарында болды, – деді Алма Айтуарова.

Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде өндірістік оқытудың аға шебері, «WorldSkills-Қазақстан» чемпионатының жүлдегері Леонид Граф «WorldSkills» чемпионатының «Электрмонтаждау» құзыреттілігі бойынша студенттерді даярлаумен айналысады.

Оның тәлім герлері – «WorldSkills» аймақтық, республикалық чемпионаттарының және «ErgSkills» чемпионатының жеңімпаздары және жүлдегерлері.

– Байқау тапсырмалары негізінен «WorldSkills» стандарттарына негізделген. Кәсіпорындар қызметкерлерінің жұмыс орны бойынша білім деңгейі жоғары болуы мүмкін. Бірақ «WorldSkills» стандарттары бойынша өндіріс қызметкерлері мен студенттердің білімі бір деңгейде деп айта аламын, – дейді облыс бойынша «Электрмонтаждау» құзыреттілігінің бас сарапшысы Леонид Граф.

Сарапшы қатысушылар жарық индикаторы бар конвейер таспасын іске қосу және шамның тұтастығын тексеру бойынша бақ сынасатынын атап өтті.

Мысалы, конвейер таспасы бар бункерді елестетсек, бұл конвейер таспасының жарық шамы зақымдалған болса, таспа жұмыс істемейді. Сондай-ақ, схемада резервтің авариялық қосылуы бар. Егер негізгі қуат кенеттен жоғалса, ал таспаның жұмысы тоқтамауы үшін арка іске қосылады. Негізгі желіде қандай да бір жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда генератор жұмысын жалғастырады. Мұндай тапсырмаларды орындауға қатысушыларға сегіз сағат беріледі.  Ал байқау қорытындысы шілде айының басында белгілі болады.

– Мамандығын жақсы игеруге ұмтылатын адам әрдайым ерекшеленгісі келеді. Мұндай жарыстар сондай адамдардың ең жақсы қасиеттерін анықтайды. Мұнда студенттер ғана емес, жас жұмысшылар да қатысатындықтан, аталмыш конкурс мамандықтың дамуына ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Еуразияттық энергетикалық корпорациясы қызметкері, «ErgSkills» чемпионатының комиссия төрағасы Наиль Расулов.

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытында үшінші разрядты электромонтер қызметінде жұмыс істейтін жас маман  Артем Кудряшов өз мамандығын таңдауда әкесінің ізін жалғастыруды жөн көрген.  

– Әкемнің қалай жұмыс істейтінін бақылап, қызығып отыратынмын. Кейін мен де осы мамандықты таңдайын деген шешім қабылдадым. Бүгінгі байқауға өзімді көрсету, тәжірибе алмасу және жаңа таныстықтар үшін келдім. Дайындық барысында компьютерлік бағдарламалау схемасын оқып, параметрлерді зерттедім. Бұл білімімді шыңдауға көмектесті деп ойлаймын, – дейді чемпионат қатысушысы.

Айта кету керек, байқаудың демеушісі – Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы. Биыл Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледж түлектерінің барлығы кәсіпорынға жұмысқа орналастырылған.

Фото: Азамат Омаров

Серіктестік материал