«Ертіс үні»: Павлодарлықтар құстарды бақылауға қатысты
Ертіс өзенінің жайылмасында Павлодар география үйі аталмыш жобасы аясындағы алғашқы бердвотчингті ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс үні» жобасы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімінің «Мейірімді Ertis» шағын гранттар бағдарламасы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылып отыр. Іс-шара Павлодар қалалық студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар жасақтарының штабымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Бердвотчингке қатысушылар мен ұйымдастырушыларды қоса алғанда 40-тан астам адам Усолка өзені тармағы үстіндегі жаяу жүргіншілер көпіріне жиналды. Олар өздерімен бірге фотоаппараттар, дүрбілер, ауызсу мен ашық аспан астындағы демалысқа арналған азық-түлік алып келді.
Көпір үстінде Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекин қатысушыларға бердвотчингтің негізгі қағидаларын түсіндірді.
География үйінің мүшесі, эколог әрі «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Марина Поух Ертіс жайылмасының табиғи ерекшеліктері, өңірдің биологиялық алуантүрлілігі және жергілікті құстар әлемі туралы кеңінен баяндады.
Ал Инновациялық Еуразия университетінің қауымдастырылған профессоры, биолог Жанетта Исаева қорық аумағындағы қауіпсіздік ережелері мен құстарды суретке түсірудің ерекшеліктері жөнінде қатысушыларға түсіндірді.
Шара барысында қатысушылар төрт топқа бөлініп, әр бағытқа тарады. Олар кездескен құстар туралы мәліметтерді тіркеу үшін Жанетта Исаева дайындаған арнайы бақылау парақтарын пайдаланды.
— Құстарды бақылау екі сағатқа жалғасты. Мұнда қатыушылар алғашқы бірінші сағат өткеннен кейін қайта жиналып, түсірген фотосуреттерін көрсетіп, алған әсерлерімен бөлісті. Артынша бақылауды жалғастыру үшін тағы бір сағатқа жолға шықты. Бұл жиналғандрға ерекше әсер сылады, - дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шара соңында қатысушылар табиғат аясында демалыс ұйымдастырып, еркін әңгімелесті. Құстарды бақылау барысында олар ортақ қызығушылықтары бар жаңа достар тауып, табиғатты сүйетін жандарды біріктірген ерекше атмосфераны сезінді.