Павлодарлық студент Google-дағы әлемдік конференцияға шақырылды

Павлодарлық студент Google-дағы әлемдік конференцияға шақырылды
Фото:pixabay.com/JuanMarcelFrancia

Ол әлемнің ең үздік бағдарламашыларымен кездесу үшін екі аптаға Берлинге барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Даниил Барт Google I/O Berlin-2025 конференциясына шақырылды. Бұл іс-шараға Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Африканың ең мықты әзірлеушілері қатысады. Барлық шығындарды қабылдаушы тарап өтейді.

– Біріншіден, бұл конференция және одан кейінгі тағылымдама көптеген жаңа білім алуға және жасанды интеллект, Android, веб және бұлттық технологиялардың соңғы өнімдері, платформалары және құралдарымен танысудың бірегей мүмкіндігі болып табылады. Мен интерактивті сессиялар мен демонстрациялар, Google командаларымен тікелей кездесулерді асыға күтемін, – дейді Даниил.

Шақыруда осы бағдарламаларға қатысушылар ретінде қабылданған тұлғалар бір немесе бірнеше техникалық салаларда өз құзыреттерін растаудың қатаң процесінен өткені айтылған. Еуропадағы Google әзірлеушілер экожүйесінің басшысы Виктория Тони-Робинсонның хатында «Барт Даниил осы бағдарламалардың белсенді қатысушысы» делінген.

Айта кету керек, павлодарлық IT маманның осы халықаралық компаниямен ынтымақтастығы 2023 жылы колледждің 1-курс студенті кезінде өтініш беріп, Қазақстанда өткізілетін техникалық іс-шаралар мен Google байқауларын ұйымдастырушылар командасына қосылған кезде басталды.


Қазір Даниил Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжінде оқудың үшінші курсына көшті. Осы оқу орнында ол бағдарламалаумен мүмкіндігінше кәсіби түрде айналыса бастады. Ол мектепте де осы бағытқа қызығушылық танытқан еді. 

Педагогтердің тәлімгерлігімен елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, бірінші курста «Веб-әзірлеу» құзыреті бойынша WorldSkills Kazakhstan-2023 чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. 2024 жылы Ирандағы Халықаралық IT-турнирде үздік ондыққа кірді және «Вest of nation» номинациясын алды, «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыреті бойынша WorldSkills Pavlodar облыстық чемпионатында «алтын» иегері атанды. Ол әр түрлі хакатондарға қатысып, жүлделі орындарға, соның ішінде Decentrathon 1.0 хакатонында  үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар Даниил «Кәсіби шеберлік» номинациясы бойынша «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының иегері. Сондай-ақ, жас айти маманы Astana hub-та тағылымдамадан өтті.

Даниилді сарапшы, колледж оқытушысы Талғат Жалпақов дайындайды.

Фото: облыстық білім басқармасы ұсынды