Ертіс ауданында құндылықтарға негізделген білім беру мәселелері талқыланды

Ертіс ауданында құндылықтарға негізделген білім беру мәселелері талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұғалімдер кәсіби шеберлікті ұштап, ортақ болашақтың негізін қалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінде «Құндылыққа негізделген білім беру: тұлға қалыптастырудың іргетасы» тақырыбында семинар-практикум өтті. 

– Семинардың мақсаты – құзыреттілік орталық мектептері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдау арқылы білім сапасын арттыру және білім беруде құндылықтардың маңыздылығын көрсету, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебі директорының міндетін атқарушы Меруерт Көшербаеваның айтуынша, семинарға құзыреттілік орталығына кіретін 11 мектептен 60-қа жуық педагог қатысты.

Семинар барысында мектептердің білім сапасы мен мұғалімдердің сапалық құрамына шолу жасалып, ортақ жоспарды жүзеге асыруда өткізілген шаралардың сапасы мен тиімділігі талданды. Мұғалімдердің сабақ беру сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

– Семинарда «Білім сапасын арттырудағы кедергілер және олардың шешу жолдары» коучинг-сессиясы, «Табысқа апарар жол. Дарынды балалармен жұмыс», «Қазақ, орыс, – ағылшын тілдері сабақтарында оқу сауаттылығын дамытудың тиімді әдістері мен стратегиялары» тақырыптарында шеберлік сыныптары өтті. Мұғалімдермен «IQ JASTAR» интеллектуалды ойыны ойнатылып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» шеберлік сағаты шеңберінде «Садақ ату» сайысы ұйымдастырылды. «Патриоттық тәрбие – болашақ кепілі» тақырыбында «Жас сарбаз» клубының жұмысы көрсетілді, – делінген хабарламада.

Семинар соңында құзыреттілік орталық мектептерінің мұғалімдері арасында «Заманауи сабақ: мәселелері, әдістері, шешімдері» тақырыбында дебат турнирі өтті. Турнир қорытындысында жеңімпаз мұғалімдер білім бөлімінің дипломдарымен марапатталды.

Қатысушылар кері байланыс барысында семинардың тиімді болғанын, тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара білім саласын жетілдіруге септігін тигізеді.