Ертіс ауданында астықтың 70 пайызы жиналды

Ертіс ауданында астықтың 70 пайызы жиналды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қуаңшылыққа қарамастан, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10 центнерді құрап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барып, орақ науқанының барысымен танысты.

Биыл ауданда 324,6 мың гектар жерге егін егілген. Қазіргі уақытта дәнді дақылдардың шамамен 70 пайызы орылып үлгерді.

– Қуаңшылыққа қарамастан, шаруалардың дұрыс ұйымдастырылған жұмысы мен заманауи агротехнологияларды тиімді қолдануының арқасында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10 центнерді құрап отыр, – деді Асайын Байханов.

Өңір басшысының айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында ішкі және сыртқы нарықта сұранысы артып отырған майлы дақылдарға басымдық берілуде. Қазір олар Ертіс ауданындағы егістік жерлердің 45 пайызын алып отыр.

Жұмыс сапары барысында аудан жолдарының жағдайы да қаралды. Биыл Голубовка – Қызылқақ бағытындағы 19,5 шақырым автожол жөнделуде. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90 пайызы орындалған.

– Аудан әкіміне басталған жобаларды сапалы аяқтап, келесі жылға жөндеуді қажет ететін жол учаскелерін алдын ала жоспарлауды тапсырдым, – деді облыс әкімі.

Голубовка – Қызылқақ жолындағы жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.