Ертіс ауданында күнбағыс дақылдарының егістік алқабы ұлғайтылды

Ертіс ауданында күнбағыс дақылдарының егістік алқабы ұлғайтылды
Фото:pixabay.com

Көктемгі дала жұмыстары алдағы күндері аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ертіс ауданына келді. Аудандағы егіс алқабы 323,7 мың гектарды құрайды, оның 200 мыңнан астамын бидай алып жатыр. Ертіс ауданының әкімі Болатбек Кәрімов облыс әкіміне баяндағандай, науқанға 71 егіс кешені, 183 трактор, 185 шөп шабатын машина, 384 комбайн және 400-ден астам басқа да арнайы машина жұмылдырылды. 

– Күнбағыс, зығыр, мақсары дақылдары егілді. Биыл күнбағыс дақылдарының алқабы бес мың гектарға ұлғайттық. Бидай ғана қалып тұр. Бес күн ішінде егістік науқанын аяқтаймыз. Ауа райына байланысты ылғал жеткілікті. Тыңайтқыштармен жақсы нәтиже шығады деген ойдамыз,– деді Болатбек Кәрімов.

Асайын Байханов Панфилов ауылдық округінде ауданның шаруаларымен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарының қалай жүріп жатқанын сұрады. Ірі шаруашылықтарының бірі «Талапкер» ШҚ-дағы да дала жұмыстарын аяқтауда. Шаруа қожалығы 28 жыл бойы бидай, күнбағыс, арпа, жасымық, зығыр егіп, дақылдарды өсірумен айналысуда. Облыс әкімі шаруаларға жан-жақты көмек көрсетуге уәде беріп, оларға жақсы өнім алуды тіледі.