Ертіс ауданында сөзінде тұрмаған тұрғын абақтыға қайта оралды

Ертіс ауданында сөзінде тұрмаған тұрғын абақтыға қайта оралды

Ертіс ауылының тұрғыны бас бостандығынан айыру орындарында өтелмеген 11 ай 12 күн мерзімін өтейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының 1984 жылы туған тұрғыны 2020 жылы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған. Ер адам түзеу мекемесінің әкімшілігін дұрыс жолға түскенін айтып сендіріп, 2022 жылдың қыркүйегінде бостандыққа шыққан. 

– Алайда 38 жастағы азамат үйіне келген соң белгіленген шектеулерді сақтамай, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланған. Еш жерде жұмыс істемеген. Полиция қызметкерлерінің профилактикалық  ескертулеріне құлақ аспай, жазасын өтегенін және енді өміріне араласпауды талап еткен, – дейді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков.

Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою үшін материал жинап, оны сотқа жіберген.  Ер адам өзінің барлық заңсыз әрекеттерін процесс кезінде ғана түсінген, бірақ бұл жолы сот оның  уәдесін қабылдамады және бас бостандығынан айыру орындарына өтелмеген мерзімін өтеуге жіберді.

Фото: Константин Шелков