«Ертіс орманы» резерваты аумағында қандай дәрілік өсімдіктер кездеседі?
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ қызметкерлері резерват аумағында 2023 жылдың 5 маусымы мен 15 тамызы аралығында жүргізілген ғылыми зерттеуді аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, аталмыш жұмыс нәтижесінде резерват флорасы 226 түрлі өсімдікті қамтитыны анықталды. Олардың жетеуі еліміздің Қызыл кітабына еігізілсе, 81-і дәрілік қасиеттерге ие.
– Дәрілік мақсатта пайдалануға болатын өсімдіктердің қатарында шөптердің – 61, бұташықтың – 2, жартылай бұташықтардың – 4, бұталардың – 5 және ағаштың 9 түрі бар. Атап айтқанда, табиғи адаптоген бұғы мүгі кейбір туберкулезге қарсы препараттарда, тағамға биологиялық белсенді қоспаларда және косметиканы өндіруде қолданылады, көктемгі жанаргүл суық тигенге ем болса, ұйқышөп - анестетикалық қасиетінің болуына орай сыртқа қолданылады, – дейді комитетте.
Айта кетейік, Қазақстан аумағында 6 мыңнан астам өсімдік түрі кездеседі, оның ішінде 1,5 мыңға жуығы дәрілік болса, 230 түрі ресми медицинада танылған, 390-ы ҚР Қызыл кітабына енгізілген.