«Ертістің» ежелгі қарсыласы аншлаг жинады
Семейдің «Елімайы» 20 жылдан кейін еліміздің элиталық дивизионында өз жанкүйерлері алдында тұңғыш рет ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған дейін «Елімай» қарсыластарын Павлодарда қабылдаған еді. Андрей Карпович шәкірттері 20 жылдан кейін биыл ғана еліміздің ең жоғарғы дивизионына көтерілген болатын. Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында Семейдің «Спартак» стадионында жергілікті команда Шымкенттің «Ордабасын» қабылдады.
Семей мен түгелдей Абай облысы үшін аса маңызды күн нағыз футбол мерекесіне айналды – сегіз мыңдық «Спартак» лық толды. Билеттер түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккендер мен шалғай орналасқан ауылдарға арналған медицина құралдарын сатып алуға жұмсалатын болып шешілді.
Ойынға келсек, матчтың үшінші минутында алаң қожайындарын Сада Тиуб алға шығарса, он минуттан соң Бауыржан Исламхан шымкенттік шабуылшы Дембо Дарбоға дәл пас шығарып, соңғысы есепті теңестірді. Бұдан кейін есеп өзгермеді – 1:1.
Фото: «Елімай»