«Ертістің» жас хоккейшілері алғашқы спорттық атақтарына ие болды

«Ертістің» жас хоккейшілері алғашқы спорттық атақтарына ие болды
Фото: Айбек Жұматов

Павлодарлық жас хоккейшілер Қазақстан чемпионатындағы жеңістерінен кейін спорт шеберлігіне кандидат атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Астана» мұз сарайында Қазақстан Республикасының Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Павлодар облысының спорт саласының өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.

Жиынға қатысушыларды Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Кольев құттықтады. Ол өңірдің қалыптасқан спорттық дәстүрлері, дамыған материалдық-техникалық базасы және жас ұрпақтың жоғары әлеуеті бар екенін атап өтті.

– Павлодар жері өзінің спорттық дәстүрлерімен танымал. Бізде жақсы материалдық-техникалық база, кәсіби мамандар және ең бастысы – әлеуетті жас ұрпақ бар, – деді Олег Кольев.

Іс-шара барысында спортшылар мен спорт саласының өкілдері марапатталды. 2026 жылғы ел чемпионатының жеңімпаздары атанған 2010 жылы туған жас спортшыларға спорт шеберлігіне кандидат (СШК) атағының куәліктері, естелік сыйлықтар және дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттары табысталды.

«Ертіс» командасының хоккейшілеріне де ерекше назар аударылды. Спортшыларға марапаттарды Павлодар облысы хоккей федерациясының президенті Ерлан Қожабеков табыстады.

2010 және 2014 жылы туған командалардың жаттықтырушысы Марк Вакуленконың айтуынша, үлкендер тобы Қазақстан чемпионатының ең мықты «В» тобында бірінші орын алған. Ал кіші команда «С» тобының қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар, кіші команда ойыншыларының шамамен 80 пайызы 2015 жылы туған спортшылар. Яғни олар өздерінен бір жас үлкен қарсыластармен бірге өнер көрсеткен.

Жаттықтырушының сөзінше, Павлодарда жас хоккейшілерді дайындауға жақсы жағдай жасалған. Қалада екі мұз айдыны жұмыс істейді, спортшылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаттығу процесіне дене дайындығының түрлі бағыттары мен оқу-жаттығу жиындары кіреді.

– Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз. Балалардың барлығының жолы болып, болашақта кәсіби спорттық мансабы қалыптасады деп үміттенемін, – деді Марк Вакуленко.

Мерекелік шарада спорт ардагерлері де жас спортшыларға жылы лебіздерін білдірді. Спорт ардагері Лев Акопов ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жас спортшыларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

– Керемет, жарайсыңдар! Жастарға қарап қуанады екенсің. Алдағы уақытта жеңістерің көп болсын. Спорт ардагерлерін де ұмытпаңдар. Нағыз чемпиондарды сол кісілер тәрбиеледі, – деді спорт ардагері.

Мерекелік іс-шара спортшылардың, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлерінің дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, Павлодар облысының жаңа чемпиондар буынына қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.