Ертісте жазғы лагерь қазақ тілін үйренуге, ұлттық құндылықтарды тануға жол ашты
Оқушылардың демалысы киіз үйде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, қазақ тілін үйретуге, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі – киіз үйдегі ерекше форматтағы тіл үйрету лагерьлері.
Жазғы кезеңде аудан мектептерінде мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер жұмыс істеп, балалар спорттық, шығармашылық, танымдық және профилактикалық іс-шараларға қатысты. Ал қазақ тілін дамытуға бағытталған жұмыстар дәстүрлі сабақтан өзгеше, ойын мен шығармашылыққа негізделген форматта ұйымдастырылды.
Осындай жобалардың бірін аудан мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Иванова жүзеге асырды. Оның айтуынша, басты мақсат – балаларға қазақ тілін мәжбүрлеп емес, қызығушылық арқылы үйрету.
– Әдіс-тәсілдеріміз әртүрлі болды. Балалар үнемі отырып жұмыс істей бермейді. Оларға қазақ тіліндегі ертегілер оқылады. Содан кейін ұлттық ойындар ойнау арқылы білімімізді тереңдетеміз. Мысалы, алғашқы күні «Соқыртеке» ойынын ойнадық. Ойын барысында балалар қазақ тіліндегі тақпақты жаттады. Кейін «Ақсерек – көксерек» сияқты ұлттық ойындарды ойнап, ән айтып, жаңа сөздер мен өлең жолдарын меңгерді, – дейді Бибігүл Иванова.
Ұстаздың айтуынша, сабақтарда асық ойындарының бірнеше түрі де көрсетілген. Ал ертегілерді балалар жай ғана тыңдап қоймай, олардың мазмұнын сурет арқылы бейнелеп, қойылым ретінде сахналаған.
– Кейде ертегінің кейіпкерлерін өзім ұсынамын, бірақ оқиғаның қалай өрбитінін айтпаймын. Балалар өздері жалғастырады. Біреуі ертегіні би арқылы көрсетсе, енді бірі әнмен жеткізді. Күтпеген, қызықты нәтижелер көп болды, – дейді мұғалім.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық берілуі. Мысалы, комикс әдісі қолданылып, оқушылар дайын суреттерді бояп қана қоймай, оларды өздері құрастырып, соңында тұтас ертегіні қазақ тілінде баяндаған.
Жазғы лагерьдің ерекше бөлігі мектеп ауласында тігілген киіз үйде ұйымдастырылды. Ертіс ауданындағы төрт мектептің үшеуінде киіз үйлер құрылып, балаларға ұлттық орта қалыптастырылды.
Бір мектепте киіз үйдің іші ерекше безендіріліп, ауылдар мен аймақтардан әкелінген тұскиіздер, қолөнер бұйымдары, ұлттық тұрмысқа қажетті заттар қойылған. Төсек-орын, шымылдық, үкінің шынайы қауырсындарына дейін пайдаланылып, қазақтың дәстүрлі көшпелі тұрмысын сезінуге мүмкіндік жасалды.
– Киіз үйге кірген кезде оның өзіндік атмосферасы сезілуі үшін барынша ұлттық нақышта безендірдік. Мектеп басшылығы жарық жүргізіп берді. Балалар үшін бұл жай ғана сабақ өтетін орын емес, ұлттық мәдениетті сезінетін ерекше орта болды, – дейді ұстаз.
Жалпы, сабақтарға үш мектептен жүзге жуық бала қамтылған. Әр мектепте 20-25 оқушыдан қатысқан.

Жобаның қазақ сыныбында өткен тағы бір бағыты күй өнеріне арналды. Балалар алдымен белгілі бір күйді тыңдап, кейін оның шығу тарихы мен аңызын білді. Одан соң шығарманы қайта тыңдап, алғашқы және кейінгі әсерлерін салыстырды.
Мұндай тәсіл балалардың музыкалық шығарманы жай ғана тыңдап қоймай, оның мазмұнын, тарихын және шығу себебін түсінуіне мүмкіндік берген.
Сонымен қатар, оқушыларға бірнеше кейіпкер ұсынылып, солардың негізінде өз ертегілерін құрастыру тапсырылды. Нәтижесінде балалар оқиғаны әртүрлі тәсілмен жеткізген: бірі би арқылы, енді бірі ән арқылы көрсетті.
Жобаның ең қызықты бағыттарының бірі – ата-аналар мен үлкендерді де қамтыған «Киіз үйдегі кешкі шай» бағдарламасы.
Апта сайын жұма күні кешке киіз үйде үлкендер бас қосып, самаурыннан шай ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Дастарханға құрт, май, ірімшік және басқа да табиғи өнімдер қойылды.
Ертіс ауданындағы жазғы науқан оқушылардың демалысын пайдалы өткізуге бағытталған түрлі бастамалардың қатар жүзеге асқанын көрсетті. Мәселен, ауданның жеті мектебінде киіз үй лагерьлерінің ұйымдастырылуы да осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын көрсетті. Мұндай ортада тіл үйрену балалар үшін міндет емес, қызықты ойынға, шығармашылыққа және қарым-қатынасқа айналды.
Айта кетелік, тамыз айында ауданның 30-дан астам оқушысы Баянауылдағы «Жас Дәурен» және Бурабайдағы «Звёздный» лагерьлерінде демалды. Кәсіпкерлердің қолдауымен тағы 20 балаға қала сыртындағы лагерьлерге жолдама алынды.
Осылайша, «Жаз-2026» Ертіс ауданындағы балалар үшін жай ғана демалыс кезеңі емес, жаңа білім мен дағды қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды тануға және қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін мазмұнды уақытқа айналды.
Фото: Білім бөлімінен.