«Ertis» баскетбол клубында жаңа маусым алдындағы басты мәселе айтылды
Павлодарлық «Ertis» әйелдер баскетбол клубы Қазақстан чемпионатын қола жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алайда жаңа маусым қарсаңында команданың алдында басты міндеттердің бірі – негізгі ойыншыларды сақтап қалу. Клубтың басшысы Жұлдыз Байдүйсенованың айтуынша, павлодарлық ұжым биыл финалға шығуды мақсат еткен.
- Біз жартылай финалда жеңеміз деп сендік. Кейбір ойындардың тағдырын ұсақ сәттер шешті. Соған қарамастан маусымды сәтті өтті деп бағалаймын. Үшінші орын – біздің команда үшін жақсы нәтиже, – деді ол.
Жартылай финалдан кейін «Ertis» қола медаль үшін өткен кездесулерде мінез көрсетіп, маусымды жүлдемен аяқтады.
Бүгінде клубтың бес бірдей ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамаларының сапында 3×3 және классикалық баскетболдан өнер көрсетіп жүр. Ал жас ойыншы Шакира Валиева жуырда жастар құрамасымен халықаралық жарысқа аттанады.
Алайда дәл осы жетістік клуб үшін жаңа қиындық туғызуда.
- Жақсы ойнаған қыздарға басқа клубтар бірден қызығушылық танытады. Кейбірі біз ұсынатын жалақыдан екі-үш, тіпті бес есе жоғары ұсыныс жасап жатыр. Ондай жағдайда бәсекелесу оңай емес, – дейді Жұлдыз Байдүйсенова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ойыншылардың көпшілігінің келісімшарты аяқталған. Тамыз айында жаңа келіссөздер басталады. Клуб басшылығы ең алдымен осы маусымда жақсы ойын өрнегін көрсеткен құрамды сақтап қалуға күш салмақ.
Сонымен қатар қаржылық мәселелер де өзекті күйінде қалып отыр. Әуе билеттері, жол шығындары, тұру, тамақтану, жарыс жарналары мен спорттық киімдердің бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл клуб бюджетіне қосымша салмақ түсіруде.
Тағы бір мәселе – жаттығу залдарының жетіспеушілігі. Команда қолайлы уақытқа әрдайым қол жеткізе бермейді, ал жас ойыншылардың көбі оқуын қатар алып жүреді. Соған қарамастан павлодарлық ұжым жаңа маусымға сеніммен қарап отыр. Тамыз айында дайындық басталады, ал чемпионаттың нақты форматы Қазақстан баскетбол федерациясы атқару комитетінің отырысынан кейін белгілі болады.
Клуб басшылығы негізгі құрамды сақтап қалып, жергілікті жастарды дамыту арқылы Павлодардағы әйелдер баскетболының дәстүрін жалғастыруды мақсат етеді.