«Ertis» волейболшы қыздары жанкүйерлерінің көңілін жұбатты
Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының үшінші туры аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы матчта «Ertis» өскемендік «Алтаймен» кездесті. Қыздарымыз кездесуді белсенді бастаған, алайда шығысқазақстандықтар бірте-бірте ес жия бастады. Павлодарлықтар бірінші партияда жеңіске жете білді.
Ойынның екінші партиясы алаң қожайындары үшін аса күрделі болды. «Алтай» ойын тізгінін түгелдей қолына алып, есепте ұзап кетті. Қонақтар жеті ұпаймен алға шыққан кезде «Ertis» қыздары «оянды». Сәтті соққылардан кейін есеп теңесті де, сет соңында павлодарлықтар қайтадан басым түсті.
Үшінші партия да «Ertis» пайдасына шешіліп, нәтижесінде павлодарлықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл команданың үшінші турдағы екінші жеңісі. Осы матчтың алдында «Ertis» талдықорғандық «Айқаракөзді» тізе бүктірді.
Үшінші тур қорытындылары бойынша «Ertis» ойыншысы Жамилә Дәулетхан чемпионаттың үздік ойыншыларының бірі ретінде танылды.
Павлодарда өткен тур қорытындылары бойынша турнир кестесін петропавлдық «Қуаныш» бастап келеді. Екінші орында өскемендік «Берел», үшіншіде – түркістандық «Тұран». «Ertis» алтыншы орында тұрақтады.