Павлодарлық волейболшылар ел біріншілігінің екінші турын бастады

Павлодарлық волейболшылар ел біріншілігінің екінші турын бастады
Фото Deutscher Volleyball-Verband

Алғашқы ойында «Ертіс» командасы Оралдың «Грация-KZ» командасымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екінші тур Өскеменде өтуде. Өкінішке орай, әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лигада павлодарлық волейболшылар батысқазақстандықтардан ірі есеппен ұтылып қалды – 3:0. Бірінші және екінші партияда Бақытжан Байтөреев шәкірттері қарсыластарына 25:23, 25:21 есебімен тегеурінді қарсылық көрсетсе, үшінші сетте «Грация-KZ» 25:15 есебімен басымдық танытты.

Айта кетейік, бірінші айналымда «Ертіс» жеті кездесудің барлығында бірдей есеппен жеңіліп қалды. Команда турнирлік кестеде соңғы орында. 5 желтоқсан күні павлодарлық команда кестедегі көршілері «Ақтөбемен» ойнайды. Ойын сағат 15.00-де басталады. Жерлестеріміздің ойынын Қазақстан волейбол федерациясының YouTube-арнасынан тамашалауға болады. Екінші тур 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ерлер командасы Ұлттық лиганың екінші турына дайындықты жалғастыруда. Ол 19 желтоқсанда Павлодарда басталады. «Атыраудағы» бірінші турдан кейін павлодарлықтар тоғыз ұпаймен бесінші орында келеді, «Жетісу» көш бастап тұр.