Павлодар облысының республикалық жолдарында ұялы байланыс қашан қолжетімді болмақ?

Павлодар облысының республикалық жолдарында ұялы байланыс қашан қолжетімді болмақ?
Фото: pexels.com

Ол үшін қыруар қаражат керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2025 жылы өңірде халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар бойында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын орындау үшін 12 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда. Олар «Павлодар-Астана», «Павлодар- Қарағанды», «Павлодар-Өскемен-РФ» жол бағыттары бойынша орнатылады. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин мәлім етті. 

– Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда ұялы байланыс бойынша мәселе бар. Келесі жылы Баянауыл мен Аққулы аудандарында – үш, Тереңкөл ауданы мен Екібастұз қаласында – екі, Железин мен Май аудандарында бір антенна мачталық құрылғыдан орнатады, – деді Ағыбай Әмірин. 

Мысалы, Екібастұз қаласының жол трассасы бойында 45 және 65 метрлік қондырғыларды салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикадан қаражат бөлу үшін министрлікке бюджеттік өтінім жолданды. Бұдан бөлек, тағы екі жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сегіз жоба қаралуда. Бұл жұмысты басқарма қала мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесе отырып жүргізуде.

– Әрине, жобалардың құны өте жоғары болады. Себебі, қырда тұрған қондырғыға электр желісін міндетті түрде тарту керек. Жобада қаражаттың ең көп бөлігі электр желісін тартуға кетеді. 

Оның сөзінше, 2025-2026 жылдары «Астана-Павлодар» жолында қосымша тоғыз қондырғы орнату жоспарлануда.