«Ертіс» футболшылары басты қарсыласын ұта алмады
Екінші лигадағы көшбасшылық қарағандылық «Шахтер» жастарында қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Матч қарсаңында көрермендер үшін Серік Мұсалимов өз әндерін шырқап берді. Олардың арасында «Ертіс» әнұранына айналған ән де болды. Алайда әншінің сыйлаған көңіл-күйі ойыншыларға дарымаса керек, алаң қожайындары кезекті рет мардымды ойын көрсете алмады.
Бас бапкер Николай Гавриш орталық алаңда ерекше сызбанұсқа ұсынды: Жасұлан Қайыркенов қорғанысқа жақын орналасса, шабуылдаушыларға Айхан Ержанов, Әмір Мұралинов пен Изат Күлжанов деп беруі тиіс болатын. Алайда соңғы үшеуі міндетті орындай алмады. Олардың бәрі екінші таймда ауыстырылды.
Павлодарлықтардың барлық шабуылдары қарсылас айып алаңының маңында аяқталып жатты, шешуші соққы немесе пас жетіспеді. Тайм ортасына таман қарағандылықтар тіпті басымдыққа ие бола бастады. Бұрыштамадан соң кеншілер қорғаушысы Алмас Төлеубай баспен әуелеген допты «Ертіс» қақпасына соқты.
«Ертіс» тарапынан шабуылшы Александр Бовкун жақсы ойын көрсетті. Жас форвард «Шахтер» қорғанысын торуылдап, Данил Блохинді әбден састырды. Қарағандылық қорғаушы әуелде сары қағаз, содан соң қызылымен «марапатталып», Александр Бовкунға ие бола алмай, алаңды босатуға мәжбүр болды. Тек бірінші тайм соңына қарай «Ертіс» есепті теңестірді. Айып алаңынан көтерілген допты Бақтияр Төлеуов баспен әдемі бағыттап, кеншілерді ренжітті – 1:1.
Екінші таймда «Ертіс» қысымды үдете алмады. Алаңда тәжірибелі ойыншылар жетіспеушілігі қатты сезілді. Николай Гавриш бірден үш жаңа ойыншыны алаңға қосты. Олардың арасында Руслан Есімов ойынға ерекше белсенді кірісті. Алайда бірер минуттан соң ол да әріптестерінің қолдауынсыз «сарғайып» қалды.
Нәтижесінде есеп өзгерген жоқ. «Ертіс» басты бәсекелесін қуып алатындай мүмкіндіктен айырылып қалды.