Павлодарлық футболшы ұлттық құрамаға шақырту алды
«Ақсу» шабуылшысы құраманың кеңейтілген тізіміне ілінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Сан-Марино мен Солтүстік Ирландияға қарсы Еуро-2024 іріктеу турнирінің матчтарына қарсы ойнайтын команданың кеңейтілген құрамын жариялады. Тізімге барлығы 34 ойыншы енді. Солардың біреуі ғана «Ақсудан» – ол Мирас Тұрлыбек.
21 жасар шабуылшы «Ертіс» футбол орталығының түлегі. 2021 жылы 21 гол соққан ол Бірінші лиганың үздік сұрмергені атанды. Былтыр Мирас Тұрлыбек ҚПЛ-да 25 матч өткізіп, төрт гол соқты, биыл – 12 матчта үш гол.
Биылғы маусымда жас футболшы ойын өрнегін шыңдай білді. Шабуыл шебінде допты бұрынғыдан гөрі жақсы игеретін ол әріптестеріне дәл пас шығаруды да меңгеруде. «Мақтааралға» соққан голы тіпті әдемі шықты. Орталық алаңда допты қабылдаған ол зулай жүгіріп, қақпашымен бетпе-бет шығып допты маңдайша астына қадады.
Құраманың оқу-жаттығу жиыны 8 маусымда Алматыда басталады. Қорытынды құрам кейін белгілі болады.
16 маусымда Қазақстан Пармада Сан-Мариномен, ал 19 маусымда Солтүстік Ирландиямен ойнайды. Ол ойын Белфастта өтеді.
Фото: ашық дереккөздерден