Екібастұзда есірткі жасырған жігітке қатысты тергеу басталды
Ол гашиш пен марихуана сақтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Қарасора-2023» республикалық жедел профилактикалық операциясының аралық қорытындысын шығарды. Шара өсімдік тектес есірткілердің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға, сондай-ақ жабайы өсетін қарасораны жоюға бағытталған.
Тәртіп сақшылары есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 29 қылмыстың, оның ішінде 24 өткізу фактісінің жолын кесті. Сондай-ақ, құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсуінің 315 ошағы анықталды, жер пайдаланушылардың атына оларды жоюға ұйғарымдар шығарылды.
– Екібастұз қаласының 24 жастағы тұрғыны ораушы және есірткі жасырушы болып жұмыс істей отырып, 2,3 килограмм гашиш пен 220 грамнан астам марихуана сақтаған. Қаскүнемге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері тексеру барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 17 хаттама толтырды, – деді департаментте.
Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 382 килограмм түрлі тыйым салынған заттар тәркіленді.
Ведомствоаралық кешенді жедел профилактикалық операция аясындағы іс-шаралар жалғасуда.
ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабына сәйкес жабайы өсетін қарасораны жою жөнінде шаралар қолданбағаны үшін жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.