Павлодарда «Мектепке жол» акциясы басталды

Іс-шара 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды, жетім балаларды, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Игі бастаманы жергілікті атқарушы органдар, білім беру басқармасы, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар ұйымдастырып отыр.
– Әрбір баланың жаңа оқу жылын сенімділікпен, бар ынтасымен бастауына жағдай жасау мақсатында аталмыш акцияны бастадық. Қайырымдылық көмек көрсету үшін демеушілер, әлеуметтік серіктестер, мемлекеттік құрылымдарды тарту жұмыстары жүргізіледі, – деді облыстық білім басқармасында.
Бұл ретте, елді мекендердегі мектептерде, сауда орталықтарында және әлеуметтік мекемелерде көмек қабылдау пункттері құрылады.
Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін «жедел желілер», «сенім» телефондарының жұмысы ұйымдастырылды.
Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсеткісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша білім беру бөліміне немесе тікелей білім беру ұйымына жүгіне алады.
Білім беру басқармасы Павлодар облысының тұрғындарын бей-жай қарамауға және өскелең ұрпақтың гүлденген болашағына лайықты үлес қосуға шақырады.