Павлодар облысында орман шаруашылығындағы өрттің шығуына найзағай себеп болған
Жануарлар әлеміне зиян келтіру фактілері анықталған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, мамандар 12-15 шілде аралығында орын алған ірі өрттерге қатысты екі қызметтік тергеу жүргізген. Өрт «Ертіс орманы» резерваты Шалдай филиалының Сейтенев, Степное және Бауыртал орманшылықтарын қамтыды.
Қызметтік тергеу барысында екі жағдайда да найзағай разрядтары себеп болғандығы анықталды. Жануарлар әлеміне зиян келтіру фактілері анықталған жоқ.
– Сейтенев орман шаруашылығында 603 гектар жанып кетті. Оның ішінде орманмен жабылған ауданы – 124,91 гектар. Шығын 63 миллион теңгеден асты. Екінші Степное және Бауыртал орманшылықтарында 659,59 гектар өртенген: орманмен қамтылған ауданы – 442,3 гектар. Шығын 88 миллион теңгеден асты, – дейді инспекцияда.
Өрттің таралуына екпіні 22 м/с-тан асатын қатты жел, өрт қауіптілігінің жоғары бесінші сыныбы, құрғақ шөптесін өсімдіктер, сондай-ақ өртті сөндірудің бастапқы сатысында күштер мен құралдардың жеткіліксіздігі ықпал етті.
Екі жағдайда да өртті сөндіруге облыстық ТЖ департаментінің күштері мен құралдары тартылды.