Еуропаның кілті: Павлодарлық қыздың шетелде оқу тәжірибесі

Еуропаның кілті: Павлодарлық қыздың шетелде оқу тәжірибесі
Фото: Аннабель Нойфельдтің жеке мұрағатынан

@Pavlodarnews.kz тілшісі шетелде оқып жүрген жерлесімізбен сұхбаттасып, оқу мүмкіндіктері мен шетелдегі өмір туралы сөйлесті.

Аннабель Нойфельд Германияда дүниеге келсе де, балалық шағы Павлодарда өтті. Осында балабақшаға барып, мектеп табалдырығын аттады. Жасөспірім кезінде қайтадан Германияға оралып, білімін сол жақта жалғастырды. Мектептің соңғы жылдарында шетелде оқу мүмкіндігін қарастыра бастайды.

– Бұған дейін Штутгарт, Берлин және Австриядағы көркем академияларға назар аудардым. Бірақ бір танысым Францияға түсу оңай екенін, ағылшын тілін жақсы меңгеріп, құжаттарды дұрыс тапсырса жеткілікті болатынын айтты. Сол сәттен бастап Францияны шындап қарастыра бастадым, – дейді Аннабель.

Ол Парижге құжаттарын өздігінен тапсырды. Ешқандай агенттіктердің көмегіне жүгінбеген. Қажетті ақпаратты интернеттен тауып, құжаттарын жасанды интеллекттің көмегімен дайындады. Тізімде бағалар транскрипті, бакалавр дипломы, IELTS сертификаты және мотивациялық хат болды.

– Барлығы шын мәнінде оңай әрі түсінікті. Бағаларымды ағылшын тіліне мұғалімдер аударып берді. IELTS тестіне онлайн дайындалдым. Қазір бәрі қолжетімді – тек ынта мен табандылық қажет, – дейді ол.

Еуропадағы білім беру жүйесінде талапкерлер бірнеше университетке бір уақытта өтініш бере алады. Алайда әрбір оқу орнының құжат тапсыру мерзімдерін мұқият зерттеу маңызды. Осы орайда Аннабель талапкерлерге мынадай кеңес берді:

– Егер бірнеше университетке өтініш берсеңіз, бір мотивациялық хатпен шектелмеңіз. Әр оқу орнының ерекшелігіне назар аударып, әрқайсысына жеке хат жазыңыз. Қабылдау комиссиясы ең алдымен шынайылықты бағалайды. Осы талаптарды сақтасаңыз, міндетті түрде құттықтау хатын аласыз, – деді бойжеткен.

Аннабель университеттен жауапты бірнеше ай күтті. Сол кезеңде ішкі қобалжу мен үміт қатар жүрді. Күту барысында басқа оқу орындарын да қарастырды. Құттықтау хатын алған кезде қуаныштан көзіне жас алған. Ал оқу орнынан келген сыйлықтарды (блокнот, стикер, хат) алған сәтте бұның бәрі шын екенін сезінді. Алда оны жаңа өмір мен жаңа қиындықтар күтіп тұрды. 

Францияға көшкен соң бейімделу процесі басталды. Ол шамамен бір айға созылған. Бұл кезеңді жеңіл өткізу үшін Аннабель келесідей кеңес береді.

– Үйден сүйікті затыңызды алып шығыңыз — бұл сізге тірек болады. Әдеттегі үй әрекеттерін жасаңыз: тамақ дайындаңыз, таныс видеолар көріңіз, сүйікті музыкаңызды тыңдаңыз. Жақындарыңызбен байланыста болыңыз — олардың дауысы сізге дем береді. Адамдарға ашық болыңыз — адамға адам керек.

Аннабельдің айтуынша, шетелде тұрғанда ұсақ-түйек қиындықтар туындайды. Бірақ олардың барлығы уақытша. Ең бастысы — сабырлы болып, өз күшіңе сену. Қиындықтар өтеді.

Сұхбат барысында ол тырысып көруден қорықпау керектігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, шынайы болу — басты артықшылық.

– Шетелде оқу — сізді өзгертіп қана қоймайды, өмірге деген көзқарасыңызды да өзгертеді. Ең бастысы — өзіңізге деген мақтаныш сезімі пайда болады, – дейді Аннабель.

Жерлесіміздің бұл сөздері сізге шабыт берері анық. Ең маңыздысы — табандылық пен сенім.