Павлодарлық бизнес нысандарындағы тексерістер енді профилактикалық сипатта болады

Павлодарлық бизнес нысандарындағы тексерістер енді профилактикалық сипатта болады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік субъектілеріне арналған өрт қауіпсіздігі бойынша жаңа талаптар түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жаңа нормалар өңірлік кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі салалық кеңесі мен өңдеу және экспорт жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында айтылды.

Кездесуді ӨКП директоры Ерқанат Әбенов жүргізді. Отырыста өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қатысты заңнамадағы өзгерістер талқыланды.

Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, 2025 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы өртке қарсы қауіпсіздік мәселелерін де қамтитын жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған.

– Заңдағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – адамдар жаппай жиналатын объектілерді, сондай-ақ биіктігі 28 метр және одан жоғары ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезеңінде Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы міндетті қорытындысын енгізу, – деп атап өтті Берік Омаров.

Бұл кемінде он қабатты ғимараттарға қатысты.

Адамдар жаппай жиналатын орындар туралы айта келе, спикер бұл сауда кәсіпорындарына, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету нысандарына, дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне, мәдени-ағартушылық және ойын-сауық ұйымдарына, көңіл көтеру орындарына, вокзалдарға, бір мезгілде 100 және одан да көп адамды қабылдауға есептелген діни ғимараттарға қатысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ, оған денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстары, 25 және одан да көп адамға арналған қонақ үйлер кіреді.

Мұндай қорытындыны elicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы мемлекеттік қызмет ретінде алуға болады.

– Тексерістерге келсек, мемлекеттік өрт бақылау саласын жаңғыртуға байланысты ол енді профилактикалық бақылау ретінде жүзеге асырылады. Тексерістер әкімшілік ықпал етусіз жүргізіледі. Бұрын бұл кесте бойынша жоспарлы тексерістер болатын, қазір ол профилактикалық бақылау деп аталады, – деп атап өтті ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары.

Қазақстанның Құрылыс кодексіндегі өзгерістер туралы кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ жөніндегі салалық кеңесінің төрағасы Думан Тоқашев баяндады.

Атап айтқанда, жаңа кодекс бытыраңқы нормативтік актілерді алмастырып, аумақтарды жоспарлаудан бастап объектілерді пайдалануға беруге дейінгі құрылысты реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастырады.

Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына міндетті сараптама енгізіледі. Мысалы, енді қала құрылысы құжаттарына түзетулер екі жылда бір реттен жиі емес енгізілуі мүмкін.

– Біз мұндай кеңестерді кәсіпкерлер барынша хабардар болып, қажетті әрі өздерін қызықтыратын мәліметтерді тікелей дереккөзден алу үшін тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Бизнесті алаңдататын және жеке тәртіпте шешілмейтін кез келген мәселені біз «Атамекен» палатасының алаңына шығарып, мемлекеттік органдардың қатысуымен шешім табуға тырысамыз. Ол үшін ӨКП жанында бизнес салаларының барлығын қамтитын бірқатар салалық кеңестер жұмыс істейді. Облыстық прокуратурамен бірлесіп инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі қызмет атқарады, – деп түйіндеді Ерқанат Әбенов.

Сонымен қатар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өңірлік «Атамекен» палатасының филиалдары жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы да бар. Мұның бәрі кәсіпкерлерге сервистік қызметтер көрсету, олардың өздерін мүмкіндігінше сенімді сезінуі үшін жасалуда.