Еңбек бәрін де жеңбек: Павлодарлық оқушылар кәсіби дағдыларды мектепте меңгеруде
7–8-сынып оқушылары трактор жүргізу, ауыл шаруашылығы техникасы және дәнекерлеу ісінің бастапқы дағдыларын тәжірибе арқылы үйреніп жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы өңірдегі колледждер 50 мектепте 30 бағыт бойынша бейіндік сыныптар ашты. Олардың қатарында тамақтандыруды ұйымдастыру, білім беру, медицина, IT, автокөлік жөндеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру және металдарды өңдеу бағыттары бар.
«Еrtis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде балаларды мамандықтармен колледжге түскенге дейін таныстыруға болады әрі қажет деп есептейді.
Арнайы пәндер оқытушысы Амангелді Сарыбасов Луганск орта мектебі мен Кемеңгер мектебінің 7–8-сынып оқушыларына ауыл шаруашылығының негіздерін үйретеді. Негізгі бағыт – ауыл шаруашылығын механикаландыру.
Қаңтардан мамырға дейін оқушылар аптасына екі рет ауыл шаруашылығының қыр-сырымен танысты. Сабақ барысында олар оқытушыны тыңдап қана қоймай, тренажерлерде жұмыс істеп, техниканың құрылымын зерттеп, практикалық тапсырмаларды орындап көрді.
– Қаңтардан мамырға дейін бастапқы деңгейдегі сабақтарды өткіздім. Луганск мектебінде кейін Junior Skills атты мектепішілік іс-шара ұйымдастырдық. Кемеңгерде де сабақтар өткізілді. Балалар тренажерлерде жұмыс істеп, алған білімдерін практикада көрсетті. Ауыл шаруашылығының негіздерін үйренді, – деді Амангелді Сарыбасов.
Балаларға трактор, автомобиль және ауыл шаруашылығы машиналарының неден тұратыны көрсетіліп, техниканың дала жұмыстарында не үшін қажет екені түсіндірілді. Оқушылар жер жырту, тұқым себу, культивациялау және егін жинау сияқты негізгі жұмыстармен танысты.
Луганск мектебіне оқытушы заманауи техниканы да алып барып, балаларға тағы бір бағытта өздерін сынап көруге мүмкіндік берді.
– Мен оларға заманауи дәнекерлеу жабдықтарын көрсетіп, балалардың осы саланы байқап көруіне мүмкіндік бердім. Оларға шынымен қызық болды. Жеткіншектер доғалық дәнекерлеуді тез меңгеріп, көп нәрсені бірден үйреніп алды. Ауыл балалары үшін мұндай жұмыс мүлдем таңсық емес. Олар бала кезінен техниканы көріп өседі, ата-аналарының ауыл шаруашылығында немен айналысатынын біледі, көмектеседі. Сондықтан мамандыққа деген қызығушылық та табиғи түрде қалыптасып, үлкендерден кішілерге беріледі, – деп түсіндірді оқытушы.
Луганск мектебінде сабақтарға 18 оқушы қатысты, тағы 16 оқушы Кемеңгердегі колледж базасында білім алды. Топтар қызығушылықтарына қарай жасақталды. Техниканың қалай жұмыс істейтінін түсініп, өз қолдарымен бір нәрсе жасап көруге қызыққан оқушылар келді.
– Балаларды мұндай сабаққа мәжбүрлеудің қажеті жоқ – ең бастысы, олардың өздеріне қызық болуы. Луганск мектебінде қатысуға ниет білдіргендер көп болды, әсіресе дәнекерлеу жұмыстарын байқап көргісі келгендер көп болды. Көптеген бала ата-анасына шаруашылықта көмектеседі, сондықтан техника мен онымен жұмыс істеу оларға бала кезінен таныс. Олар жай ғана қарап қоймай, өз мүмкіндіктерін сынап көргісі келді, – деді Амангелді Сарыбасов.
Сабақ өткізу үшін колледж қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалық корпус ұсынды. Бағдарламаны Амангелді Сарыбасов оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып өзі әзірлеген. Күрделі кәсіби дүниелерді түсінікті етіп жеткізуге және сабақтарды жалаң теорияға айналдырмауға баса мән берілген.
– Бұл жаста балаларға жаңа нәрсені байқап көру шынымен қызық. Мен өзім кеңестік кезеңде өстім. Ол кезде еңбек сабақтары мектепте басталатын. Жетінші сыныпта ұлдар машинатану пәнін оқыды, қыздар аспаздықтың бастапқы негіздерін меңгерді. Мұның бәрін үйренуге әлі ерте деп ешкім айтпайтын. Ал тоғызыншы сыныпта жергілікті фермерлерге көмектесіп, сепкіштерде жұмыс істеп, алғашқы практикалық дағдыларды алатынбыз. Бұл өндірістік сынып деп аталатын, – дейді оқытушы.
Педагог үшін мамандықпен алғашқы таныстықтың жай ғана мектеп сабағы болып қалмағаны маңызды. Балалардың бірі болашақта колледжде оқуын жалғастыруы мүмкін, енді бірі мүлде басқа бағытты таңдауы ықтимал. Бірақ алған тәжірибесі бәрібір олардың бойында қалады.
Оқытушының өзі де алғашқы практикалық дағдылардың кейін қаншалықты пайдалы болатынын жақсы біледі. Былтыр ол механиктер тобын оқытып шығарды. Тәжірибе кезінде студенттер Ақсу қаласындағы ірі жылыжай кешеніне барды.
– Бір жарым айдың ішінде 200 мың теңгеге дейін ақша табыс алды. John Deere тракторларында, заманауи техникада жұмыс істеді. Адам кейін дәл осы трактормен жұмыс істемесе де, алған дағдысы өзінде қалады. Оны басқа жұмыста да қолдана алады, – деп есептейді Амангелді Сарыбасов.
Осылайша, бейіндік сынып оқушылар үшін мамандықпен алғашқы танысу алаңына айналып отыр. Мұнда олар құралды қолына ұстап, қызықты істің дәл осы екенін түсінуге мүмкіндік береді.