Референдум: Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде атом электр стансасын салу бойынша референдумда дауыс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтті. Себебі, халқымыз АЭС құрылысы бойынша дауыс береді.
– Бүгін халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкілікті байламы сондай болады, – деді Мемлекет басшысы дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің референдумнан қандай нәтиже күтетіндігі туралы сауалына нәтиже оң болады деп ойлайтынын жеткізді.
– Шын мәнінде дұрыс айттыңыз, бүгін маңызды оқиға. Келешекте осындай оқиғалар неғұрлым көп болса, біздің халқымыз үшін, еліміз үшін жақсы болады деп ойламын. Себебі, халқымыз осындай өте маңызды мәселелер бойынша дауыс береді. Сондықтан референдумды қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.