Павлодарда жеңгелер кеңесі құрылды

Құндылықты сақтауға бағытталған жобаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
№41 мектепте этнопедагогикалық әдістерді оқу үдерісі мен білім беру бағдарламаларына ықпалдастыруға бағытталған «Қоғамдағы этнопедагогика негіздері арқылы «Біртұтас тәрбие» құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында облыстық сараптамалық кеңес өтті.
Семинарға облыстық ҚХА Аналар кеңесінің және «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова, қала мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорларының орынбасарлары мен психологтары, қоғам қайраткерлері, қолөнершілер, ата-аналар қатысты.
Халық қолөнері көрмесі мен табысты этнопедагогикалық жобаларды қамтыған «Ұлы Жібек жолы» бизнес форумы, аталмыш шараның маңызды бөлігі болып, Баянауыл ауданы және Павлодар, Екібастұз қалаларының қолөнершілерін біріктірген. Сондай-ақ, бағдарлама аясында «Дәстүрлі отбасылық құндылықтар – тәрбие негізі» атты шеберлік сағаты, ашық сабақтар, тәлімгерлік пен отбасылық құндылықтар арқылы тәрбиенің дәстүрлі әдістерін сақтауға бағытталған «Аққулар» жобасының тұсаукесері өтті. Бастама аясында мұғалімдер мен ата-аналар арасынан 11 адамнан құрылған «Жеңгелер кеңесі» қауымдастығы құрылды.
Кеңес жұмысының нәтижесі болып этнопедагогиканы оқу үдерісіне енгізу бойынша әзірленген әдістемелік ұсыныстар, сондай-ақ, жастар арасында рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру аталды. Облыстық сарапшылық кеңес ұлттық дәстүр мен мәдени мұраға негізделген білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам болды.