«Инклюзивті қыздарға арналған SOS»: Павлодарлық кәсіпкер жеңімпаз атанды
Қазақстанның барлық өңірінен байқауға 260 жоба ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева «Ару Ана» республикалық үздік жобалар байқауының жеңімпаздарымен кездесті. Оның ішінде павлодарлық «Asyl Zhurek-Aq Niet» қоғамдық қорының негізін қалаушы, сөйлеуді дамыту орталығының директоры, 37 жастағы Күміс Тілеуовнаның мемлекеттік грант негізінде ашылған инклюзивті даму саласындағы жобасы үздік деп танылды.
– «Инклюзивті қыздарға арналған SOS» жобасы көзі нашар көретін, зағип қыздар мен әйелдердің, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өзін-өзі қорғау дағдылары мен хабардарлығын арттыру үшін бағытталған. Яғни, БҰҰ ұсынымдары бойынша инклюзивті қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көмек көрсету қимылдарын үйретуге арналған. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан қорғау, заңгерлік кеңестерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда көмек көрсету үшін ым-ишараға үйретуге арналған, – дейді жоба авторы.
Айта кетейік, іс-шараның жиырма жобасы отбасы институтын, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін қолдауға, балалар құқықтарын қорғауға, инклюзивті қоғамды, креативті индустрияларды, IT, агробизнесті және қайырымдылықты дамытуға бағытталған үздік жоба деп танылды.
Бұдан бөлек, үздік жобалардың қатарында әйелдер кәсіпкерлігі, инновациялар, креативті индустриялар, отбасылық тәрбие, қайырымдылық жобалары да бар.
Сондай-ақ, Аида Балаева байқаудың он төрт жеңімпазына сыйлықтар табыстады.