IQanat: Павлодар облысында республикалық олимпиаданың екінші кезеңі өтеді

IQanat: Павлодар облысында республикалық олимпиаданың екінші кезеңі өтеді
Фото: Константин Шелков

Бұл додаға облыстың 200-ден астам оқушысы қатыспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «IQanat» республикалық олимпиадасының II кезеңнің ресми ашылуы өтіп, оған Павлодар  облысының ауылдық мектептерінен 205 бала қатысады.

Аталмыш білім додасына Қазақстанның барлық өңірінен 10 мыңнан астам бала сынға түседі. Бұл ретте олардың 70%-ға жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Ал оның ішінде 91%-дан астамы көп балалы отбасылардан болса, 13%-ы толық емес, ал 4%-ы - көпбалалы және толық емес отбасылардан. 

Екінші кезең пәндік бағытқа ие, яғни оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сияқты пәндер бойынша тестілеуден өтеді. 

Дәл осы кезеңде ақтық сынға жолдама алатын 1000 бала анықталады. Үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы «IQanat» мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданады. Осылайша балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлікті және басқа да салаларды оқитын болады. 

Осындай академиялық дайындықтың арқасында «IQqanat» бағдарламаларымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп отырады. Қазір «IQanat» түлектері әлемнің 15 елінде оқып жатыр.

Айта кету керек, «IQanat» - 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдайтын әлеуметтік-білім беру жобасы. «IQanat» тарабы Олимпиаданы ұйымдастыра отырып, қазақстандық ауылдардан шыққан дарынды балалардың білім беру жолында тұрған қаржылық және әлеуметтік кедергілерін жоюға тырысады.